
Қаржыгер Ғалым Құсайынов теңге нығайып тұрған кез доллар сатып алуға қолайлы уақыт деп тұжырымдайды.
Соңғы күндері теңгенің тағдыры жұртшылықты алаңдатқан басты тақырыптардың біріне айналып, көпшілік жинаған қаражатын қалай сақтап қалудың жолын іздеді. Экономист Ғалым Құсайыновтың пайымынша, қазіргі кезде теңгенің күрт құнсыздануына алып келетін нақты экономикалық негіз жоқ.
Маманның айтуынша, теңге бағамындағы құбылмалылық Қазақстан үшін қалыпты құбылысқа айналған. Бұл құбылыс көбіне терең макроэкономикалық дағдарыстан емес, қаржы нарығын реттеу ерекшеліктерінен туындайды. Ең бастысы – осындай жағдайда үрейге берілмей, қаржы мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу.
Теңге неге күшейді?
Қазіргі таңда теңге объективті түрде күшейіп тұр. Бұған бірнеше себеп бар: базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, теңгедегі қаржы құралдарының тартымдылығы және шетелдік капиталдың ұлттық валютаға ағылуы. Сонымен қатар, соңғы уақытта қарыз алу валютамен жүргізіліп, теңгеге деген қысымды азайтты.
Бұл жағдай инфляцияны тежеуге көмектескенімен, ұзақ мерзімде экономикалық тепе-теңдік өз түзетуін жасайды. Қазақстандағы инфляция деңгейі АҚШ-пен салыстырғанда едәуір жоғары болғандықтан, уақыт өте келе теңге әлсіреуі заңды құбылыс. Экономикалық заңдылыққа сәйкес, ұлттық валютаның құнсыздануы көбіне инфляциялар арасындағы айырмаға сай келеді.
Дегенмен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған дейін доллардың 1500 теңгеге дейін қымбаттауына еш негіз жоқ деп мәлімдеген.
Қазіргі сәт – доллар сатып үшін қолайлы кезең
Осы ахуалды ескере отырып, экономист қазіргі уақытты доллар сатып алу үшін тиімді кезең деп бағалайды. Дегенмен валютаны банктегі депозитте сақтау тиімсіз. Валюталық салым бойынша пайыздық мөлшерлеменің төмендігі мен реттеушінің талаптардың қатаңдығы мұндай жинақ түрін тартымсыз етеді.
Оның орнына сарапшы қор нарығына назар аудару ұсынады. Атап айтқанда, дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары сенімді құрал саналады. Мәселен, АҚШ қазынашылық облигациялары жылына 3-4% табыс әкелсе, Қазақстанның еурооблигациялары 4-5% кірістілік ұсынады. Мұндай құралдар депозиттерге қарағанда табысты әрі өтімділігі жоғары.
Теңгедегі табысты арттырудың жолы
Экономист ұсынған тағы бір тәсіл – күнделікті теңгелік шығындардан пайда табу. Оның мәні қарапайым: өз қаражатын пайыз әкелетін депозитте ұстап, күнделікті төлемдерді пайызсыз кезеңі бар кредит карталар арқылы жүргізу. Қарызды уақытында толық өтеген жағдайда, банкке пайыз төленбейді, ал депозиттегі қаражат өсім әкеліп тұрады.
Бұған қоса, банктер ұсынатын кэшбэктер де қосымша табыс көзіне айналады. Мәселен, айына 500 мың теңге көлемінде шығын жасаған адам жыл соңында шамамен 240 мың теңге көлемінде қосымша пайда көре алады.