Суретке түсіргісі келген: Шыңжаңда қар барысы шаңғышыға шабуылдады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
қар барысы
фото: shutterstock

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қар барысы шаңғышы әйелге шабуылдады. Турист жыртқышты суретке түсірмек болған. Бұл туралы Kursiv.Media CNN мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Оқиға 23 қаңтарда кешке Шыңжаң өлкесіндегі Көктоғай ауданындағы жайылымда болған. Тау шаңғысымен шұғылданатын турист қонақ үйге қайтып бара жатқан жолда қар барысын кезіктірген. Қызыл кітапқа енген жануарды суретке түсірмек болып, жақындай түскен уақытта жыртқыш әйелдің өзіне шабуылдаған.

Әлеуметтік желілерде қар үстінде қимылсыз жатқан турист пен оның қасында отырған барыстың видеосы тарады. Тағы бір видеода екі адам зардап шеккен әйелге көмек көрсетіп жатыр. Олардың бірі қар барысының қайда екенін сұраған уақытта екіншісі «кетіп қалды» деп жауап берген. Тағы бір кадрда жыртқыштың орман ішінде кетіп бара жатқаны бейнеленген.

Телеарна дерегінше, турист ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын бірқалыпты деп бағалаған.

Жергілікті билік тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік ережесін сақтауға, жыртқыш аңдарға жақындамауға кеңес берді.

Қар барысы Орталық және Оңтүстік Азияда мекендейді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) мәліметінше, әлемде бар болғаны 4-6,5 мың қар барысы қалды. Олардың шамамен 60%-ы Қытай аумағын мекемендейді.

Сондай-ақ оқыңыз