
«Ordamed» компаниясы науқастар алдындағы жауапкершілігін орындауға және өзінің іскерлік репутациясын қорғауға дайын. ҰҚК айыптауларына компания басшысы Еркін Ділімбетов осылай жауап берді.
«Біз жеткізген құрылғының барлығы зауыттан шыққан, бүкіл ел бойынша медициналық персонал пайдаланып жүр», – деді компания басшысы.
Оның түсіндіруінше, компания жалған құжат жасады деп айыптау дұрыс емес. Сол құжаттар мен өндіріс ережелерін рәсімдеуге байланысты техникалық-құқықтық жағынан дау туындап отыр.
«Компания сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына иелік етпейді және оларды жария етпейді, тек іскерлік беделін қорғау аясында өз ұстанымын ғана білдіреді. «OrdaMed» АҚ мүмкін болған құқық бұзушылықтарды жасыруға мүдделі емес және құқықтық баға тергеу аяқталғанға дейінгі жария интерпретациялар негізінде емес, тек сот тарапынан, фактілер мен заң негізінде берілуін маңызды деп санайды», – деп атап өтеді компания өкілдері.
26 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті «OrdaMed» Қазақстан аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжат жасап, мемлекеттен қаржылай көмек алып келген деп айыптады. Тергеу деректеріне сүйенсек, елге 4,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын келген.