Карантинге жабылды: Щучинскідегі әскери колледжде 66 кадет қызылша жұқтырды

Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжінде қызылша ауруының таралуына байланысты карантин енгізілді.
Оқу орны әкімшілігінің мәліметінше, каникулдан кейін бірнеше кадеттен жұқпалы аурудың белгілері анықталған. Алдын ала болжам бойынша, инфекция сырттан әкелінген.
«Бүгінгі таңда 66 кадет бейінді медициналық ұйымның бақылауында. Екі жағдайда ауру асқынумен өтуде, науқастар мамандандырылған медициналық көмек алуда, олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады. Колледжде байланыста болған тұлғалар анықталып, оқшауланды. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олардың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланады, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта колледжде карантин режимі енгізіліп, санитарлық шаралар күшейтілді, сондай-ақ инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін жеке құрамның денсаулығы күнделікті бақылауға алынған.