Әлемдік жұлдыздар Timbaland, Николь Шерзингер және Busta Rhymes Қазақстанға келеді

Жарияланды 27 Қаңтар 2026 15:56

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2026 жылы Қазақстанға тағы шетелдік әншілер келеді. Kazakh Tourism мәліметінше, Timbaland, Николь Шерзингер, Busta Rhymes сынды әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарының концертін өткізу жоспарланған.

Жалпы барлық өңірін қамтитын 55 негізгі іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Kazakh Tourism компанияның басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтың айтуынша, қазіргі таңда ТМД, Еуропа және Азиядағы 18 ірі онлайн-платформада Қазақстан бойынша 1100-ден астам туристік тур ұсынылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан.

Оның айтуынша, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі туристік имиджін ілгерілету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған:

  • Euronews Travel, Amazon Prime Video, «Бірінші арна» және Францияның M6 телеарнасында Қазақстан туралы халықаралық тревел-жобалар жүзеге асырылып, негізгі мақсатты нарықтар қамтылды;
  • Қытайдың Weibo, WeChat, Rednote әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ жетекші жаһандық цифрлық платформаларда Қазақстанның тұрақты түрде ілгерілуі қамтамасыз етілуде;
  • 2025 жылы Қазақстан 14 халықаралық туристік көрмеде таныстырылды.

Талғат Ғазизов атап өткендей, 2026 жылы 12 халықаралық туристік көрмеге қатысу, сондай-ақ Қазақстан аумағында мәдени, этномәдени, спорттық, экологиялық және гастрономиялық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

«2026 жылы әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Олардың қатарында Timbaland, Николь Шерзингер, Busta Rhymes және басқа да танымал орындаушылар бар деді», – Талғат Ғазизов.

Бұдан бөлек, Азия мен Таяу Шығыстағы мақсатты қалаларда 10 роуд-шоу ұйымдастыру көзделген. Олардың қатарына Мумбаи, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапур қалалары кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз