
Елімізде шетелдік туристерді тарту мақсатында әуежайларда тағы 13 жаңа халықаралық бағыт ашылады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Жаңа әуе бағыттары Вена, Токио, Рим, Эр-Рияд, Ларнака, Амман, Даммам, Қашғар, Дели, Рига, Бішкек (Шымкенттен), Варшава және Үрімші (Шымкенттен) қалаларын қамтиды.
Сонымен қатар Абу-Даби бағыты қайта іске қосылады, ал қазіргі Шанхай бағытына қосымша әуе тасымалдаушы қосылады.
Нұрлан Сауранбаев әуежайлардағы қызмет көрсету сапасын арттыру жоспарлары туралы да айтты. Биыл Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Атырау әуежайларында кедендік бақылау аймақтарына терминалдар орнату көзделіп отыр. Бұл кедендік тексеруден өту кезіндегі кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның өзінде 9 ішкі әуе бағытын қайта іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта республика аумағында 42 ішкі рейс жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін «Курсив» басылымы түркиялық YDA Holding инвесторы 2030 жылға қарай Ақтау әуежайы арқылы жүк тасымалы көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Ақтау әуежайы жолаушылар ағыны бойынша Қазақстанда Алматы, Астана және Шымкенттен кейін төртінші орында, ал шетелдік туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша үшінші орында тұр.
Осыған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл Қазақстанның қай қалалары арасындағы әуе рейстеріне субсидия бөлінетінін атап өтті. Жалпы Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар авиамаршруттарды субсидиялау бағдарламасы 2002 жылы басталған. 2025 жылға арналған бюджетті қалыптастыру шеңберінде 23 авиамаршрутты субсидиялауға 6,4 млрд теңге көзделген.