
Air Astana Алматы-Шанхай-Алматы жаңа тұрақты бағыты бойынша авиабилет сату басталғанын хабарлады. Рейстер 2026 жылдың 29 наурызынан бастап орындалады, деп хабарлайды авиакомпанияның баспасөз қызметі.
Алматыдан рейс сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері сағат 19:10-да болып, Шанхайға келесі күні сағат 04:25-те келеді деп жоспарланған. Алматыға қайтатын рейс дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері: Шанхайдан ұшу — 05:40, Алматыға қону — 10:15.
«Рейсте Airbus a321lr заманауи лайнерлері қызмет көрсетеді. Жол жүру уақыты Шанхай бағытында 6 сағат 15 минутты және кері бағытта 7 сағат 35 минутты құрайды», – делінген хабарламада.
Эконом-класс үшін Алматыдан Шанхайға барып-қайту авиабилетінің ең төменгі құны 281 312 теңгеден, бизнес-класта – 921 132 теңгеден басталады. Билетті Air Astana ресми сайтында және мобильді қосымшасында, сондай-ақ аккредиттелген туристік агенттіктерде алуға болады.
Жаңа бағыттың ашылуы Қытайдағы Air Astana маршруттық желісін кеңейтеді. Қазіргі уақытта авиакомпания Бейжің, Гуанчжоу, Үрімші және Саньяға рейстер орындап келеді.