
Алматы қаласындағы кәсіпкерлер жылдық мөлшерлемесі 0,01% болатын жеңілдігі бар кредит ала алады. Мегаполис билігі сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұрғысы келеді. Бұл туралы Kursiv.Media шаһар әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Тиімді кредит
Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлерден жеңілдігі бар кредитке өтініш қабылдай бастағанын хабарлады. Мұндай қадам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қажет. Жеңілдігі бар несие үш айдан үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.
«Несие жылдық 0,01% мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі. Кәсіпкерлер оны шикізат сатып алу, қызметтерге ақы төлеу, еңбекақы, логистика сынды негізгі өндірістік және басқа да шығындарды жабуға пайдалана алады», – делінген әкімдік мәліметінде.
Несие алу шарттары
Кредит алған өндірушілер мен ритейлерлер бағаны көтермеуі тиіс. Жеткізу көлемін кәсіпкер өзі айқындайды. Алайда несие алу кезінде белгілі бір мерзімге сауда сөрелеріндегі бағаны бекітуі керек.
Несие беру туралы шешімді Алматы қаласы әкімдігі жанындағы комиссия қабылдайды. Өтініш 2026 жылғы 20 ақпанға дейін қабылданады. Кәсіпкерлер кеңес алу үшін +7 701 410 49 12 нөміріне хабарласа алады.
Арзан тауар түрлері
Жеңіл кредит берілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізіміне 31 тауар енді. Олардың арасында ұн, макарон, көкөніс, өсімідік майы, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, шай, тұз және басқа да тауарлар бар.