
Алматы қаласында тағы екі кітапхана ақпан айынан бастап түнімен жұмыс істейді. Осылайша мегаполисте тәулік бойы қызмет көрсететін кітап оқу мекемелерінің саны бесеуге жетті. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазір Алматыда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, «Alatau Creative Hub» және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана түнімен жұмыс істеп жүр. Жұмыс тәртібі өзгерген соң осы мекемелерге келушілер саны 70%-ға ұлғайған.
Осы тәжірибені ескерген қала билігі ақпан айында Қазақстан жазушылар кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247 мекенжайында орналасқан мекемелерді де түнгі жұмыс тәртібіне көшірді. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев сәрсенбідегі брифингте мәлімдеді.
Қазір Алматы кітапхана жүйесіне 30 мекеме кіреді. Олардағы жалпы кітап қоры – шамамен 1,4 млн.
«Қала кітапханалары заман талабына сай жаңарып, тұрғындар үшін қолжетімді мәдени әрі зияткерлік кеңістікке айналып келеді. 2025 жылы кітапханаларға шамамен 3,1 млн адам келсе, тұрақты оқырмандар саны 300 мыңнан асты», – деді Әлиев.
Сонымен бірге, қаладағы сауда орталықтарында, метро бекеттерінде, мектептерде, коворкингтер мен коммуналдық орталықтарда 32 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы орнатылған. Оларды 300-ге жуық тұрақты оқырман пайдаланады. Мұнда ай сайын 500-ден астам кітап беріледі.
Мегаполис билігі жыл аяғына дейін аз қамтылған аудандарда тағы үш жаңа кітапхана ашуды көздеп отыр.