Жаңалықтар

Алматыдағы ауаның ластығы әрбір тұрғын жылына 500 темекі шеккенге тең

фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы ауа сапасы жылдан-жылға нашарлап барады. 2024 жылмен салыстырғанда ауа 30%-ға ластанған. Almaty Air Initiative қоры 2025 жылғы ауа сапасын зерттеу нәтижесін жариялап, осындай қорытындыға келді.

2025 жылы қаладағы улы PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 31,2 мкг/м³-ге жетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) нормаларынан алты есе жоғары. Яғни ауаның ластану деңгейі әрбір тұрғын бір жылда 518 темекі немесе шамамен 26 қорап темекі шеккенге тең екен..

Зерттеу деректері бойынша, Алматыдағы «таза» күндер саны 148-ге дейін азайды (2024 жылы мұндай күндер 16-ға көп болған). Жылдың басым бөлігінде қала тұрғындары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныстаған.

Аудан деңгейі бойынша қауіптілік рейтингі (PM2.5 орташа жылдық концентрациясы, мкг/м³):

  • Түрксіб ауданы: 46.8;
  • Жетісу ауданы: 37.9;
  • Алатау ауданы: 37.7;
  • Алмалы ауданы: 30.9;
  • Наурызбай ауданы: 27.1;
  • Әуезов және Медеу аудандары: 25.8;
  • Бостандық ауданы: 22.1.

Түрксіб ауданындағы жағдай Бостандық ауданына қарағанда екі есе нашар. Қаланың төменгі бөлігінің тұрғындары бір жылда 700–800 шылымға тең келетін улы дозаны қабылдайды. Көмір жағу, өндірістік орындардың көп орналасуы себеп дейді мамандар.

«Жылыту маусымы басталғанда Алматы картасында «таза» аймақ қалмайды десе де болады. Бізге көмір жағатын және қоқыс өртейтін жеке үй шаруашылықтары бойынша деректерді толық саралау қажет. Жеке үйлер мәселесі жүйелі түрде шешілмейінше, тіпті ЖЭО жаңарғаннан кейін де қысқы түтін біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып қала береді», – деді қордың атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.

Ауаның денсаулыққа зияны туралы дәрігерлер де дабыл қаққан еді. Америкалық дәрігер ғалым Алмаз Шарман сөзінше, ауаның өлімге себеп болуы ғылыми дәлелденген.