
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) дрондар шабуылынан зардап шеккен құрылғыларын ауыстыру үшін 70 күн қажет. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 28 қаңтарда Астанадағы брифингте осылай деп мәлімдеді.
Министр қымбат құрылғы құнын айтпады
Қазақстанның энергетика саласына жауапты шенеунік 2025 жылғы қарашаның аяғындағы шабуыл салдарын жою жұмыстарының барысымен таныстырды.
«Қазір КҚК екі мұнай айдау құрылғысымен (ВПУ) жұмыс істеп тұр. Жексенбі күні ВПУ-3 іске қосылды. Қыс мезгілінде Қара теңіздегі дауылға байланысты жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Өйткені теңіздегі толқын биіктігі 2,5 метрден асты. Енді құрылғыны жөндеу аяқталды», – деп түсіндірді қазақ министрі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр дрондар солардың бірін істен шығарған соң үкімет екі жаңа құрылғыны арабтардан сатып алатынын мәлімдеген.
«Біз Біріккен Араб Әмірліктерінен екі жаңа мұнай айдайтын құрылғыға тапсырыс бердік. Олар дайын тұр. Қазір оларды кемеге тиеп, Қазақстанға алдыру мәселелері шешіліп жатыр. Құрылғылар 30 күннен кейін жетуі тиіс», – дейді министр.
Алайда Ақкенженов арабтар дайындаған жаңа құрылғыларды нақты қаншаға сатып алғанын айтпады. Министр «қазір есімде жоқ» деп қысқа қайыра салды. Бұған дейін Kursiv.Media екі жаңа құрылғы шамамен 160 млн доллар тұруы мүмкін деп болжаған.
КҚК-дегі мәселе көктемде шешіледі
Энергетика министрінің айтуынша, оларды монтаждау, басқа құрылғыларды демонтаждау жұмысына тағы 40 күн кетеді.
«Жаңа құрылғыларды орнатуға барлығы 70 күн кетеді. Сол кезде КҚК мұнайды танкерлерге тиейтін үш құрылғымен жұмыс істейді», – деп есептейді Ақкенженов.
Энергетика министрі консорциум бар күшіміз жұмыс істемей жатыр деген уәжбен келіспейді. Ақкенженовтің айтуынша, КҚК жұмысын екі құрылғымен де жүзеге асыра беруге болады.
Қазақстан елде өндірілетін мұнайдың 80%-ын КҚК арқылы Батысқа сатып отыр. Сол себепті экспорт пен өндірістің тоқтаусыз жүруіне қазақ үкіметі мүдделі. Астана дрондар шабуылынан айтарлықтай шығынға батты.