Ақтауда сауда орталығында жасөспірімдер қызды соққыға жықты

Жасөспірімдер жалғыз қызды Ақтаудағы Saya Park сауда-ойын-сауық орталығында соққыға жықты. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның қорқынышты видеосы әлеуметтік желіде жария болды, деп хабарлайды Lada.kz.
Куәгерлердің айтуынша, бір топ ер бала келген кезде қыз фотостендте болған. Жасөспірімдер кабинаның ішіне кіріп, перделерді тартып, суретке түсуге кедергі келтірген. Нәтижесінде жәбірленушіні жасөспірімдер соққыға жықты. Желіде жария болған кадрларда балалардың жерде жатқан қызды аяғымен тепкенін көруге болады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті жанжалға қатысушылардың барлығы ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілгенін хабарлады.
«Кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгімелер өткізілді. Болған оқиғаның мән-жайы мұқият зерттеліп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналды», – делінген хабарламада.
Жасөспірімдердің бірінің анасы тәрбие міндеттерін тиісінше орындамағаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілді. Жасөспірім профилактикалық есепке алынды, онымен және оның отбасымен жұмыс жалғасады.
Оқиғаға Маңғыстау облысының білім басқармасында да түсініктеме берді. Ведомствода балаларды облыстық балалар ауруханасының мамандары тексергені, тексеру нәтижелері бойынша дене жарақаттары анықталмағаны нақтыланды. Және алдағы күндері мектеп директорларымен жиналыс өткізетінін хабарлады.