Баланы өлтіргені үшін сотталған атыраулық «Қара бүркіт» түрмесіне жіберілді

Атырау облысында жеті жастағы қызды зорлап, өлтіргені үшін сотталған Құлсары тұрғыны «Қара бүркіт» түрмесіне жіберілді. Бұл туралы жергілікті «АқЖайық» сайты хабарлады.
Редакцияның хабарлауынша, сот үкімі заңды күшіне енген. Соған сәйкес сотталған қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге жіберілген.
Оқиға 2025 жылдың маусымында болған. Құлсары қаласында 7 жастағы қыз Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып қалған. Жолда 35 жастағы ер адамды кезіктірген.
Ол мас күйде қызға үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған. Өзімен бірге жүруді ұсынған.
Қызды жаңылыстырып, оны өзен жағасына апарып, зорлаған. Жасаған қылмысын жасыру мақсатында баланы ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген.
Сот үкімімен өмір бойына сотталды. Сот барысында кінәсін мойындамағанына қарамастан, апелляциялық сотқа жүгінбеген.
Айта кетейік, елде өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар «Қара бүркіт» түрмесіне жіберіледі.