
Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде «Born in Taraz» (Таразда туған) деген тіркес жиі көзге түсіп, Тараз қаласы трендке айналды.
Трендтің мәні – Таразда туғанын ерекше стильмен көрсету. Threads пен Instagram платформаларында тараздықтар өздерінің туған жерін мақтанышпен атап, жылы естеліктерімен бөлісіп жатыр.
Солардың бірі актриса Толқын Нұрбекова Threads желісінде: «Мен Таразданмын, мені де ондай видеоға қосыңдаршы, born in Taraz деген» деп жазды.


Блогер Өркен Кенжебек те бұл трендті айналып өткен жоқ.

Басқада желі қолданушылары Тараздан екендерін жазып, тарихта, қазіргі заманда ежелгі қалада туған атақты адамдарын да жазып жарысып жатыр.







Тараз – екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар
Тараз – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, Жамбыл облысының әкімшілік орталығы. Қала халқының саны 431 мыңнан асады (2024 жылғы ақпан дерегі). Бүгінде Таразда халықаралық әуежай, теміржол вокзалы, автовокзалдар, сауда және ойын-сауық орталықтары бар.
Көне дәуірден бастау алған қала
Тараздың тарихы б.з.д. VI–V ғасырлардан бастау алады. Бұл кезеңде Талас өзені бойында сақтар мен үйсіндердің тайпалық бірлестіктері қалыптасып, алғашқы қалалық қоныс негізі қаланған. Қазіргі таңда көне қаланың іздері бұрынғы Орталық базар («Жасыл базар») аумағынан табылып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Ұлы Жібек жолындағы ірі орталық
Қала туралы алғашқы жазба деректер 400 жылға жатады. Грек деректерінде Толоса деп аталған. Тараз Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды сауда нүктелерінің бірі болды. 485 жылы Қытайдан келген будда монахы Сюаньцзан бұл қалада түрлі елдің саудагерлері бірге өмір сүргенін жазып қалдырған.
Талас шайқасы және исламның таралуы
751 жылы Тараз маңында тарихқа әйгілі Талас шайқасы өтті. Бұл шайқаста қарлұқтар мен араб әскерлері Қытайдың Тан әулетінің әскерімен соғысып, жеңіске жетті. Осы оқиғадан кейін өңірде ислам діні кеңінен тарай бастады.
Қараханидтер дәуіріндегі гүлдену
IX–XII ғасырларда Тараз Қараханидтер мемлекетінің астанасы болып, ең жоғары дамыған кезеңін бастан өткерді. Сол дәуірден бізге Қарахан, Айша-бибі кесенелері сынды тарихи ескерткіштер жеткен.
Әулие-Атадан Таразға дейін
XIX ғасырда қала Әулие-Ата деп аталып, кейін Мирзоян, Жамбыл атауларын иеленді. Тек 1997 жылы тарихи атауы – Тараз ресми түрде қайтарылды.
Тәуелсіздік жылдарындағы Тараз
2002 жылы Тараздың 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. 2015 жылы қалада Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде тойланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Media қазақ футболына талай талант сыйлаған тараздық бапкер «Ваня ағай» туралы жазып, деректі фильм де түсірген еді.