Жаңалықтар

Даулы видео: балабақша тәрбиешісімен бірге меңгеруші де жұмыстан босатылды

детский сад балабақша
Балабақша тәрбиешісімен бірге меңгеруші де жұмыстан босатылды / Фото: Shutterstock

Шымкентте «балаға ине сұғып, ұрып-соғып, қысым жасады» деген күдікке ілінген №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасының тәрбиешісі жұмыстан шығарылды. Онымен бірге тәрбиешінің көмекшісі мен мұндай тәртіпсіздікке жол берген балабақша меңгерушісі қызметтен шеттетілді.

Дауға себеп болған балабақшадағы оқиғаның видеосы 3 күн бұрын түсірілгені анықталды. Қалалық білім басқармасы оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізген. Оған «баламды ұрып-соғып, ине тығып, психологиялық қысым көрсетті» деп шағымданған ата-ана да қатысқан. Ол баланың денесінде жарақат іздері жоқ екенін, оған сараптама жүргізуге қарсы екенін айтқан. Ал білім басқармасы оқиға болған №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасын тексеруді бастаған. Басқарманың дерегінше, баланы ұрып-соғу бойынша өзге ата-аналардан шағым түспеген.

Полиция ата-аналардың шағымы негізінде тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Сонымен бірге полиция білім басқармасына балабақша басшылығын қызметінен шеттету және тәрбиешіні жұмыстан босату туралы ұсыныс берген.

«Ешкім тәрбиешіні қабылдағанда балаға қысым көрсетеді деп ойламайды. Бірақ қылмыстық іс қозғалды. Оның кінәсін құзырлы органдар анықтайтын болады. Балабақшада осындай тәртіпсіздікке жол бергені үшін балабақша меңгерушісі де қызметтен босатылды», – деді Көрме» орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, өткен жылы қала балабақшаларында тәрбиешілер тарапынан осыған ұқсас 2 оқиға тіркелген.