
Қазақстанда жасалып жатқан конституциялық реформа билік сабақтастығы мен енгізілген өзгерістердің сақталуын көздейді. Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев өзгерістердің сыры осында жатқанын айтады. Ал Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, саяси жүйе өзгеру үшін тек парламент емес, парламент пен үкімет, президент пен парламент арасындағы қарым-қатынас өзгеруі керек.
Тоқаев баяндаған саяси бағыт
Андрей Чеботаревтің пікірінше, вице-президент лауазымының енгізілуі президент билігі сабақтастығының нақты тетіктерін қалыптастырады.
«Менің ойымша, бұл реформалар Қасым-Жомарт Тоқаев баяндаған саяси бағытты айқындайды. Өз басым, парламенттік реформа комиссиясының жұмыс тобының құрамына кірдім. Онда парламентке қатысты ұсыныс пакетін әзірледік. Ал мен қатыспаған комиссия ауқымды мәселелермен айналысады. Адам құқығы, президенттік билік вертикалі және тағы да басқа жайттар қозғалып отырғанын білемін», – дейді саясаттанушы.
Андрей Чеботаревтің айтуынша, парламент бір палата болып қана қоймай, пропорционалды жүйе бойынша құрылады. Оның белгілі бір өкілеттілігі артады.
Парламентте қосымша орын болмайды
«Комиссия жұмысына қатысатын депутат Айдос Сарым 25 өкілеттілік ұсынылып жатқанын айтты. Қазіргісі – 13. Сонымен қатар депутаттардың саны қысқарады. Қазір Сенат пен Мәжілісте 148 адам бар. Енді 145 болады деп қарастырылып отыр. Ешқандай квота болмайды. Қазір Қазақстан халқы ассамблеясы мен Сенатта президент тағайындайтын квота бар. Енді барлығы партиялық тізім бойынша сайланады. Әлдебіреулер үшін қосымша орын болмайды», – дейді саясаттанушы.
Андрей Чеботарев реформаның түпкі сырына да үңіліп көрді. Оның пікірінше, бұл – болашақтағы үлкен өзгерістерге әзірлік.
Саяси жүйе өзгеріске дайын болуы керек
«Ақырын ел басшысын ауыстыруға дайындық жүріп жатыр. Бұл биыл немесе келесі жылы болады деген сөз емес. Президент өзінің қалған мерзімін атқаруды жоспарлап отырғанын айтты. Қалай десек те, саяси жүйені, елді қазіргі президент жасаған өзгерістер сақталып қалатындай етіп әзірлеуі керек», – дейді саясаттанушы.
Констициялық реформаның қолға алынуына тағы бір фактор ықпал етіп отыр. Ол – әлемдегі аумалы-төкпелі ахуал.
«Геосаяси жағдайды да ескеру қажет. Өйткені, бір жағынан алғанда, қазір бәрі түсініксіз. Екінші жағынан, елдегі жағдайдың нашарлауына әкеліп соғып жатқан жоқ. Сондықтан қазірден шара қабылдаған жөн», – дейді сарапшы.
Тоқаев берген уәдесін орындап жатыр
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, конституциялық реформа президент айтып жүрген формула бойынша жүзеге асады.
«Тоқаев «күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет» деген формуланы ұсынған болатын. Осы формулаға саяси жүйені сәйкестендірмек. Конституциясыз парламентті өзгерте алмайды. Қазіргі Конституцияда екі палаталы парламент деп жазылған. Сенатты алып тастаған соң, Ата заңға өзгеріс енгізілуге тиіс», – дейді саясаттанушы.
Толғанай Үмбетәлиеваның сөзіне қарағанда, Тоқаев берген уәдесін орындап жатыр. Сенаттың қызметі басқа саяси институттарға – Халық кеңесіне тапсырылмақ. Конституциялық реформалардың келбеті Құрылтайда айтылған.
«Құрылтайда айтылған идеялар саяси жүйеге көп өзгеріс әкелмейді. Десе де, мұны демократияға қарай жасалған қадам деп баға беру қиын. Саяси жүйе өзгеру үшін тек қана парламент емес, парламент пен үкімет, президент пен парламент арасындағы қарым-қатынас өзгеруі керек», – деп есептейді саясаттанушы.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров енді депутаттардың министрлерді қызметінен босата алуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.