Экономика «қызып» барады: Халықаралық валюта қоры үкіметке қандай ескерту жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан экономикасы неге қызып тұр / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының жоғары қарқынмен өсіп жатқанымен, «қызып кету» белгісі байқалады деп мәлімдеді. Қордың IV бап аясындағы миссиясының қорытындысын ұсынды.

ХВҚ бағалауынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі ішкі сұраныстың кеңеюі, мұнай өндіру көлемінің артуы және мұнайдан тыс салалардағы белсенділіктің жоғары болуымен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік инвестициялар мен ірі инфрақұрылымдық жобалар да экономикалық серпінге айтарлықтай әсер еткен.

Алайда Қор мұндай жоғары қарқын экономиканың «қызып кету» белгілерін күшейтіп отырғанын атап өтті. Инфляция деңгейі 12%-дан жоғары қалып, Ұлттық Банктің нысаналы көрсеткішінен екі есе асып түсті. Бұған бюджет шығынның артуы, квазифискалдық жобалар, импорттық тауар бағасының және инфляциялық күтулер әсер еткен.

ХВҚ Ұлттық Банктің қатаң ақша-кредит саясатын оң бағалайды. Базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейі мен артық өтімділікті шектеу шаралары инфляцияны тежеуге бағытталған. Дегенмен Қор инфляция нысанаға жақындағанға дейін бұл саясатты жұмсартуға ерте екенін ескертеді.

Фискалдық саясатқа қатысты ХВҚ сақтыққа шақырады. Есепте бюджет шығындары мен квазимемлекеттік компаниялардың инвестициялық белсенділігі экономикалық циклді күшейтіп отырғаны айтылған. Сондықтан Қор квазифискалдық операцияларды шектеу мен бюджет тәртібін қатаң сақтауды ұсынады.

Қаржы секторына келсек, ХВҚ Қазақстан банктерін жалпы алғанда тұрақты деп бағалады. Дегенмен тұтынушылық кредиттің жылдам өсуі болашақта тәуекел тудыруы мүмкін екені ескертілді. Осыған байланысты қаржылық қадағалау мен сақтық шараларын күшейту маңызды деп көрсетілген.

Орта мерзімді перспективада ХВҚ экономикалық өсімнің баяулауын күтеді. Мұнай өндіру көлемінің тұрақтануы және ішкі сұраныстың салқындауына байланысты өсім қарқыны 3,5% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін. Инфляция да біртіндеп азайғанымен, нысаналы деңгейге тек ұзақ мерзімде жетеді деп болжанған.

ХВҚ негізгі тәуекелдер ретінде әлемдік экономиканың баяулауын, мұнай бағасының төмендеуін, геосаяси белгісіздікті және инфляциялық күтулердің сақталуын атады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ көлемі 300 млрд долларлық тарихи межеге жетті. Былтыр Қазақстан экономикасы 6,5% өскен.

Сондай-ақ оқыңыз