Жаңалықтар

Халықтың банктерге қарызы бір жылда 4 трлн теңгеге өсті

Қазақстандықтардың мойнындағы қарызы артты / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың мойнындағы тұтынушылық несие бір жылда 20%-ға өскен. 2025 жылдың басында халық екінші деңгейлі банктерден 13,7 трлн теңге тұтынушылық несие алса, 2026 жылдың басында бұл қарыз 16,7 трлн теңгеге жеткен.

Ипотекалық қарыз 6 трлн теңгеден 6,9 трлн теңгеге дейін өсті. Басқа мақсатта алынған борыш 847 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге жетті.

Нәтижесінде халықтың банктердің алдындағы борышы бір жылда 4,1 трл теңгеге артып, 24,8 трлн теңгені құрады. Халықтың алған кредиті кәсіпкерлерге берілген несиеден асып кетті.

Ұлттық банк статистикасына сәйкес, соңғы бір жылда Қазақстанның банк секторы экономиканы несиелеу қарқынын айтарлықтай үдеткен. 2025 жылдың басында экономикаға берілген кредит көлемі 35,9 трлн теңге болса, 2026 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл көрсеткіш 43,3 трлн теңгеге жетті. Осылайша, бір жылдың ішінде банктер берген кредит 20,4%-ға өсті.

Егер 2025 жылдың басында кәсіпкерлік секторға 15,3 трлн теңге бағытталса, 2026 жылдың басында бұл көлем 18,5 трлн теңгеден асты. Нәтижесінде бизнеске берілген кредиттер 21,2%-ға артты. Ал қалған 24,8 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың қарызы.

Құрылымдық тұрғыдан алғанда, бизнеске берілген кредиттердің басым бөлігі ұлттық валютада беріліп отыр. Бұл валюталық тәуекелдерді төмендетіп, кәсіпкерлер үшін қарыз жүктемесінің тұрақты болуына мүмкіндік береді.

Былтыр тұтынушылық кредиттер беру 2024 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеген. Ал банктердің активтері 11%-ға өсіп, 68,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды.