Жаңалықтар

«Лукойл» активтерін сату: Энергетика министрлігі АҚШ-қа ресми өтініш жолдаған

ЛУКОЙЛ
Лукойлдің Қазақстандағы активтері қалай сатылады / Фото: Reuters

Қазақстан АҚШ-тың Қаржы министрлігіне қарасты Шетелдік активтерді бақылау басқармасына (OFAC) ресми хат жолдап, «Лукойлдың» бірлескен жобалардағы үлесін ықтимал сатып алу мәселесін көтерген. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Аккенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстандағы «Лукойл» активтері сатылса, мемлекеттің сол үлесті басымдықпен сатып алу құқығы бар. OFAC-қа жолданған хат дәл осы құқықты іске асыру ниетін білдіреді.

2025 жылдың қазанында АҚШ енгізген санкциялардан кейін «Лукойл» шетелдік активтерін сатуы тиіс болған. Осыған орай, Қазақстан тарапы ықтимал мәміле санкция талаптарға қайшы келмейтінін және реттеуші органның рұқсатын қажет ететінін алдын ала ескеріп отыр.

Ерлан Аккенженов сатып алу тетіктері тек біржолғы ақшалай төлеммен шектелмейтінін атап өтті. Үлесті иеленудің түрлі нұсқалары қарастырылуы мүмкін: кейінге қалдырылған төлем, болашақта өндірілетін шикізаттан түсетін түсім есебінен есеп айырысу немесе өзге де қаржылық механизмдер.

Бұл ретте ескеретін жайт, Үкімет пен Энергетика министрлігі «Лукойлдың» өзіне тікелей ұсыныс жасаған жоқ. Әңгіме тек активтер сатылған жағдайда іске қосылатын заңды басымдық құқығы туралы болып отыр.

Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания санкцияларына іліккен «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы активтерін америкалық Chevron сатып алуы мүмкін екені хабарланған, Бұған қоса, Carlyle жеке инвестициялық компания мен Quantum араб компаниясы да үлестен дәмелі.