Жаңалықтар

Тоқаев Қазақстан экономикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторды атады

Тоқаев экономикаға не қатер төндіретінін айтты / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев капиталдың сыртқа заңсыз кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді деп тұжырымдайды. Бұл туралы ол Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында айтты.

Тоқаев жаңа салық саясаты күшіне енгеннен кейін көлеңкелі айналымның күшейгеніне назар аударды. Оның айтуынша, нақты табысты жасыру мақсатында қолма-қол төлем көлемінің артқаны жөнінде мәліметтер келіп түскен.

Президент бөлшек саудамен айналысатын кейбір кәсіпкерлер тауар ақысын қолма-қол немесе аударым арқылы төлеуге байланысты салықты айналып өтіп, екі түрлі баға ұсынуға көшкенін атап өтті.

«Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы кірісті жылыстату мен капиталды заңсыз шығару мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, капиталды астыртын криптооперациялар арқылы сыртқа шығару күрделі проблемаға айналған.

«Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдардың бағалауына сәйкес, Қазақстан капиталдың заңсыз сыртқа шығарылуы бойынша алдыңғы қатардағы елдердің бірі екенін атап өтті.

«Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Президент уәкілетті агенттікке аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұған дейін Қазақстанда блокчейн талдаумен айналысатын арнайы қызмет құрылғаны белгілі болған.