Жаңалықтар

«Бәрі баяу жүрді»: депутат экс-министр Жақыпованың жұмысына баға берді

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев / Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс кулуарында Kursiv.Media тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен кеткен Светлана Жақыпованың жұмысына қатысты депутат Ерлан Әбдиевтің пікірін білді.

Депутаттың сөзінше, экс-министрдің цифрландыру бағытында ойлары болғанымен, олар уақытылы әрі тиімді жүзеге аспаған. Бірқатар бастамалардың іске асуы тым баяу болған.

«Баға беру қиындау. Ол кісі өз миссиясын орындаған шығар. Цифрлық бағытта үлкен ойлары болды, оны енді басқалар жалғастыратын шығар. Бірақ бәрі өте баяу жүрді. «Электронды әмиян» сияқты жақсы жобалар жасалды делінгенімен, біз оны әлі күнге дейін көріп отырған жоқпыз», – деді Ерлан Әбдиев.

Әбдиевтің сөзінше, кейбір бұйрықтар Президент тапсырмасын орындау және қаражатты үнемдеу мақсатында қабылданғанымен, олармен толық келісу қиын. Ал жоғары жалақы алған азаматтар жұмыстан шыққаннан кейін де, ұзақ уақыт бойы қомақты мемлекеттік көмек алып отыр.

«Мәселен, «Теңізшевройлда» 1,5 млн теңге жалақы алып істедіңіз делік. 2–3 айдан соң жұмыстан шықтыңыз. Сонда мемлекет сізге алты ай бойы жалақының 40 пайызына дейін, яғни 400–500 мың теңге төлейді. Неге бұған шектеу қоймасқа? Пенсияда да, күнкөріс минимумында да шектеу бар ғой. Осындай көмек тағайындалғандықтан адамдарды уақытша жұмыс істеуге итермелейді. Көмекті қызғанған емес. Оған үлкен ақша бөлудің қаншалықты пайдасы бар. Сондай жерден үнемдеу керек қой. Мүгедектігі бар адамдардың кейбір мәселесі бойынша көңіл толмады», – деді ол.

Сонымен қатар депутат жаңа министр Асқарбек Ертаев салаға тез бейімделіп, депутаттармен ашық әрі конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Асқарбек Ертаев туралы жақсы пікірдемін. Ол –  алғыр адам, бұл салаға тез кірісті. Депутаттармен қарым-қатынасы жақсы. Айтылған ұсыныстарды қолдап, көмектесуге тырысады. Осындай форматта жұмыс істейтін министрлермен ортақ нәтижеге жетуге болады»,  – деді депутат.

Айта кетейік, кеше Тоқаев Еңбек және әлеуметтік министрі Светлана Жақыпованы қызметінен босатты. Асқарбек Ертаев жаңа еңбек министрі болып тағайындалды.