Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сотталды

Оңтүстік Кореяның биліктен қуылған бұрынғы президенті Юн Сок Ельдің әйелі Ким Гон Хи жемқорлық жасағаны үшін бір жыл сегіз айға сотталды. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Елдің бұрынғы бірінші ханымына қатысты сот үкімі 28 қаңтарда шықты. Аудандық сот Ким ханымды жемқорлық жасады деп таныды.
Бұған дейін прокуратура өкілдері оны 15 жылға соттауды сұраған. Құзырлы мекемедегілер Кимді құнды қағаздармен алаяқтық жасады, пара алды, ықпалын заңсыз саудалады деп айыптаған.
Елдің бұрынғы бірінші ханымын қамауға алу туралы шешім 2025 жылғы 12 тамызда қабылданған. Оның алдында 52 жастағы әйел сот алдында кешірім сұраған.
Ким бұған дейін де жанжалға тап болған. Мәселен, ол 2022 жылы НАТО саммитіне 43 мың доллар тұратын Van Cleef алқасын тағып барған. Сол кезде-ақ сыншылар қымбат зат қаржы декларациясында көрсетілмегенін байқаған. Одан кейін Кимді құны 20 млн вон тұратын екі Chanel сөмкесін, гауһар алқаны пара ретінде алды деп айыптаған.
2022-2025 жылдар аралығында үш жыл бірінші ханым болған Ким Гон Хи тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған еді. Оның күйеуі Юн Сок Ель 2025 жылдың аяғында елде әскери тәртіп енгізгені үшін істі болып, қазір қамауда отыр. Ол өлім жазасына кесілуі мүмкін.