Премьер Бектенов әкімдер мен Kazakh Invest басшысы Кенжеқұловтың жұмысын сынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Kazakh Invest басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов
фото: gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерді мақұлданған жобаларға кедергі келтіргені үшін сынады. Бұған қоса, Үкімет басшысы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловқа ескерту жасады.

Бектенов бюрократтарды сынады

28 қаңтар, сәрсенбі күні премьер Бектенов Астанада шетел инвестициясын тарту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оған үкімет басшылары, министрлер мен әкімдер, бас прокурор, сонымен бірге «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Kazakh Invest», «Атамекен» басшылары қатысты.

Кеңесте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылы 22,7 трлн теңге инвестиция тартылғанын баяндады. Ал биылғы жоспар: 31,5 трлн теңге инвестиция тарту.

Бас прокурор Берік Асылов мемлекеттік органдардың 27 мың шешімі зерделеніп, мыңнан астам негізсіз бастамалар кері қайтарылғанын айтты.

Жиналыста премьер инвесторлар құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бектенов бюрократияны сынады.

«Көптеген мәселенің тамыры бюрократияда және жергілікті жерлердегі процестерді кешіктіруде жатыр. Экономикамызға инвестиция салуға дайын инвестор бірнеше ай бойы қарапайым техникалық шарттарды немесе жерге құқық белгілейтін құжаттарды ала алмауына жол берілмеуі керек. Бұл – ел экономикасы үшін тікелей шығын», – деп есептейді үкімет басшысы.

Шара қолданылады

Бұған қоса, премьер-министр Kazakh Invest ұлттық компаниясын, әкімдіктер қызметін кемшіліктері және мақұлданған жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіргені үшін сынға алды. Мәліметтерге қарағанда, қазір өңірлерге жүзеге асыруға ұсынылған 25 жобаның үшеуі ғана белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, премьер «Kazakh Invest» басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловқа ескерту жасады.

Кеңес соңында Бектенов мемлекеттік органдарға үш күн ішінде қалған инвестициялық жобалар бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдауды тапсырды. Нақты нәтиже болмаған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылады. Инвесторлар қызметіне кедергі келтіру фактілеріне қатысты барлық материал Бас прокуратураға берілді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Кенжеқұлов Kazakh Invest басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылғы 2 қазанда тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз