Жаңалықтар

Қазақстан банкі арқылы 7 трлн теңгеден астам қаржы шетелге транзитпен өткен

фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық банктер арқылы 7 трлн теңге бір елден екінші елге жіберілген. Бұл заңға да, саясатқа да қайшы жағдай. Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дерек айтты.

– Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Яғни отандық банк арқылы көршілес елден шыққан ірі көлемдегі қаржы үшінші елге аударылған, ал Қазақстанды «аралық пункт» деп пайдаланған. Бұл дегеніміз 7 трлн теңге Қазақстанда қалмай, тек банктік жүйе арқылы «өткізілген. Мұндай операциялар түрлі көлеңкелі әрекеттермен байланысты болуы мүмкін деген күмән бар.

Айта кетейік, осы жылдың басында Тоқаев Банк туралы заңға қол қойған еді.