Қостанайда әлі ашылмаған мектептің шатыры құлады: сот шешімі шықты

Қостанайда мектеп салған мердігер ғимараттағы спорт зал мен шатыр құлағаннан кейін 266 млн теңге қайтаратын болды. Бұл жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылғаны салдарынан болған.
Бұл мектеп туралы жергілікті «ТоболИнфо» сайты да жазған. Редакцияның хабарлауынша, тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана білім бөлімі балансына өтеді.
Жоғарғы сот ақпаратына сәйкес, 2021 жылы мемлекеттік орган мен ЖШС арасында 2,2 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Мектеп 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуға тиіс болған.
Алайда шартта белгіленген мерзім өтіп кеткен, нысан пайдалануға берілмеген.
Мердігер мектепті 31 желтоқсанға дейін тапсыруға дайын болғанын, бірақ ғимаратқа әлі жылыту жүйесі қосылмағанын айтқан. «Барлық керек жабдық сатып алынды, бірақ оны суықта орнатуға болмайды. Жылу берілгеннен кейін ғимаратты түгел жылытуға шамамен бір жарым ай қажет» деген.
«2024 жылдың қаңтарында мектептің шатыры құлады. Мұнда жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылған», – деп хабарлады сот.

Жинақталған сметалық есепке сәйкес, шатырды қалпына келтіру және құрылысты аяқтау үшін 260 млн теңгеден астам қаражат қажет.
Енді 266 млн теңгеден астам қаражат мердігерден өндіріледі. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.