Қырғызстан Ресейдің үстінен неге ЕАЭО сотына шағым түсіргенін түсіндірді

Қырғызстан Ресейдің үстінен неге ЕАЭО сотына шағым түсіргенін түсіндірді. Бұған медициналық сақтандыру мәселесі түрткі болған.
RBC ақпаратына қарағанда, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ сотынан еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру полистерін рәсімдеуден бас тартуға қатысты түсіндірме алуды көздеп отыр.
Қырғызстанның Міндетті медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасары Санжарбек Исаев мәлімдеуінше, бұл қадам Бішкектің Ресеймен диалогтағы ұстанымын күшейтеді.
Оның айтуынша, ЕАЭО сотының түсіндірмесі одақ алаңындағы жаңа талқылауларға негіз болады және Қырғызстанның Ресеймен келіссөздердегі дәлелін күшейтеді.
27 қаңтарда Қырғызстан ЕАЭО сотына еңбек мигранттарының отбасы мүшелерін міндетті медициналық сақтандырумен қамту мәселесіне қатысты құқықтық түсіндірме беру жөнінде өтініш жолдаған.
Талапкер – Қырғызстан Әділет министрлігі жанындағы Сотта өкілдік ету орталығы. Даудың мәні ретінде «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерін түсіндіру» көрсетілген.
Қырғыз тарапы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбек ететін азаматтардың отбасы мүшелеріне де өз азаматтарымен бірдей деңгейде міндетті медициналық сақтандыруға қолжетімділік қамтамасыз етуі тиіс пе, осыны нақтылауды талап етіп отыр.
Бұған дейін Қырғызстанның ММСҚ төрағасы Азамат Муканов Ресей тарапы еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне МӘМС полистерін беруден бас тарту арқылы келісімнің 96–97-баптарын бұзып отырғанын мәлімдеген.
ЕАЭО құрамына бес ел кіреді: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей. Одақ сотының негізгі мақсаты — ЕАЭО туралы шарт пен өзге де халықаралық келісімдерді бірыңғай түсіндіру.