
Астана қаласында қызылша жұқтырған балалар әлі де анықталып жатыр. Бір айда елордада 622 науқас бала анықталды. Қызылшамен ауырған балалардың көбі уақытылы вакцина алмаған. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
2026 жылғы қаңтарда Астанада 498 бала ауруханада емделді. Қазір мұнда 85 науқас ем қабылдап жатыр. Бір бала реанимация бөлімшесіне түсті.
Соған байланысты қала билігі қосымша иммундау, вакцина салу жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Дегенмен 14 жасқа дейінгі науқастар арасында әлі де вакцина алмағандар көп.
«Бұл аурудың алдын алу, иммундау шараларын одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді», – деп таратты әкімдік.
Қызылша тез жұғатын ауру. Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және кеселдің алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцинация.
Kursiv.Media осының алдында Атырауда 62 бала ауруханада қызылша жұқтырғаны туралы жазған.