
Глюкоза деген лақапатпен өнер көрсететін ресейлік орындаушы Наталья Чистякова-Ионова әлеуметтік желідегі парақшасына Қазақстанда өтеді деп жоспарланған концерттерінің болмайтынын жазды.
Әнші Instagram желісіндегі парақшасының stories бөліміне осындай жаңалықты бөлісті.
«Сүйікті Қазақстан жұрты! Сіздерге көңілсіз хабар айтқалы тұрмын. Алматыда 07.02.2026 күні, Астанада 08.02.202, күні өтеді деп жоспарланған концерттерім өтпейтін болды. Ұйымдастырушы менің командаммен және букиң агенттікпен байланысқа шықпай қойды. Мәселені реттеу үшін қолдан келгеннің бәрін істедік. Бірақ жағдай осындай болып тұр», – деп жазды ол.
Оған қоса ұйымдастырушыларға ренжігенін байқатып, агенттіктің атын атап тұрып, «бұл агенттікпен жұмыс істемеңіздер» деді. Билеттердің ақысын қайтару үшін алған жерге хабарласу керегін және алдағы уақытта Қазақстанға келгісі келетінін білдіріп, «жақында бәрін реттейміз», – деп қосты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Алматыда өтуі керек болған беларусь әнші Макс Корждың заңгері ән кешіне қатысты пікір білдіргені жайлы жазған едік.