«7-20-25» арқылы ипотека алуға уәде еткен: 25 адамды алдаған алаяқ сотталды

Астана қаласында өзін білікті ипотекалық брокер ретінде таныстырып, «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй алып беруге уәде еткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты. 30 жастағы ер адам 4 жыл бойы азаматтардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденген соң, сан соқтырып кеткен.
Ол «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алып беруге көмектесемін және жиһаз жобасына тиімді инвестиция ұсыну сылтауымен азаматтарды алдап, ірі көлемде қаражат аудартқан. Алайда алған міндеттемелерін орындамай, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
«25 адам оның қылмыстық әрекетінен зардап шегіп, келтірілген жалпы залал 95 млн теңгеден асты», – деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.
Сот шешімі
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, кәмелетке толмаған баласының болуын, залалдың бір бөлігін өтегенін және жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жуырда Астанада несие схемасын ұйымдастырғандар да сотталған болатын. Қылмыстық топ өкілдері азаматтарға қолданыстағы несиелерін өтеуге көмектесеміз деген желеумен әрекет еткен.