
2025 жылы Қазақстанда мейрамхана мен дәмханаларға келушілердің шағымы екі еседен асып, 2 904 өтінішке жетті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 430 болған. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Қандай шағымдар көп
Келушілер көбіне әдепсіздік таныту және сапасыз қызмет көрсету, бұзылған тағам, санитарлық талаптардың сақталмауы, сондай-ақ мемлекеттік тілде мәзірдің болмауына қатысты шағымданған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы комитетке және оның аумақтық департаменттеріне 83 801 өтініш түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 34 %-ға көп (62 561). Өтініштерді қарау нәтижесінде тұтынушыларға 2,8 млрд теңге қайтарылған.
Ең көп шағым бөлшек сауда саласына тиесілі – 35 159 өтініш. Негізінен тауарды айырбастау мен қайтарудан бас тарту, оның ішінде сапасыз және ақауы бар өнімдерге қатысты мәселелер көтерілген.
Электронды саудаға қатысты 18 237 шағым тіркелген. Тұтынушылар тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы, ақшаны қайтарудан бас тарту және алаяқтық фактілері туралы хабарлаған.
Одан кейінгі орындарда тұрмыстық қызметтер – 6 220 өтініш, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 4 835 өтініш, сондай-ақ «өзге» санаты – 5 747 өтініш тұр. Бұл топта, атап айтқанда, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тарту және кассалық чектердің берілмеуі туралы шағымдар көрсетілген.
Сондай-ақ байланыс қызметтеріне – 2 555, қаржылық қызметтерге – 2 221, білім беру саласына – 1 935, туризмге – 1 677, медициналық қызметтерге – 1 179 және көлік саласына – 1 079 өтініш түскен.
Ұшақтардың кешігуіне қатысты шағым азайды
Ал әуе тасымалына қатысты шағымдар саны азайған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 53 жағдайды құраса, 2024 жылы 119 болған. Негізінен рейстердің кешігуі және билет ақшасының қайтарылмауы туралы шағымдар тіркелген.
«Комитеттің аумақтық департаменттері жыл ішінде 1 459 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1 125 кәсіпкерге жалпы сомасы 37,5 млн теңге айыппұл салынды. Тағы 335 кәсіпкерге ескерту берілді», – делінген хабарламада.
Түскен өтініштердің ішінде 31 473-і (37,6%) қанағаттандырылды, 27 419 азаматқа құқықтарын қорғау тәртібі түсіндірілді, 19 205 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. 156 өтініш бойынша сотқа талап қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктерге туристік науқан басталғанға дейін саладағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатын. Үкімет басшысы қонақ үйлерде, туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат екенін айтты.