Апталық өтті, есебі Facebook-ке: мұғалімдерге әлеуметтік желідегі есеп не үшін керек

Соңғы кездері мұғалімдер әлеуметтік желілер мен түрлі трендтерге тым әуестеніп кетті. Алайда педагогтер бұл пікірмен келіспейді. Олар бұл да білім бөлімдерінен түскен қосымша тапсырма екенін айтып шағымдануда. Мұғалімдер, әсіресе, пән апталығы, ашық сабақ және басқа да іс-шаралар өткізген соң, оның есебін әлеуметтік желідегі парақшаға жүктеуге мәжбүр болатынын айтады. Мұғалімдердің атқарған жұмысын әлеуметтік желіге жариялап, есеп беріп отыруы қаншалықты орынды. Kursiv.Media тілшісі мәселеге тереңірек үңіліп көрді.
Тапсырма үстіне, тапсырма келіп жатады…
Әлеуметтік желіге апталық өткізгенін дәлелдеп, оның есебін беріп отыру қазір мұғалімдердің күнделікті жұмысына айналған. Тіпті кей кезде, сабақ беру екінші жоспарға ығысатынын айтады.
«Мұғалімдерде мүлдем уақыт болмай кетті. Апталықтың үстіне апталық, жұмыстың үстіне жұмыс келеді. Он күндік апталық бітеді ме, ертең үстіне тағы тапсырма келеді. Жыл бойы жоспарда тұрған жұмысыңды істеп үлгеруің керек, бірақ ол жайына қалады. Тапсырмаларды Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желіге салуың керексің, оның хаттамасын толтыруың керек. Оның үстіне зум арқылы да жиналыстар жиі болып жатады. Олардың да есебін желіге дереу салуға тапсырма береді. Жұмысымыз керісінше қиындап жатқан сыңайлы», – деді Қарағанды облысына қарасты орта мектеп мұғалімінің бірі (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді).
Әсіресе6 бұл облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елдімекендегі мектеп мұғалімдеріне қиындық туғызып отыр. Редакциямызға түскен шағымдардың көбін ескерсек, алыс ауылдарда интернет сапасы нашар. Сол себепті әлеуметтік желіге фото-видео жүктеу біршама қиындық туғызады.
Білім басқармасы не дейді
Аталған мәселе аясында Қарағанды облысының білім басқармасына хабарласып көрдік. Ведомство педагогтерге әлеуметтік желі арқылы есеп беру міндеті жүктелмейтінін мәлімдеп отыр.
«Пән апталығының есебі, я болмаса басқада өткізілген шаралар бойынша әлеуметтік желіге салып есеп беру міндеті басқарма тарапынан қойылмайды. Бұл бойынша да жиі жиналыстар өткізіп, үнемі ескертіліп отырады. Бұл процестің барлығы мұғалімдердің өз еркімен ғана жүзеге асуға тиіс. Барлығы заң шеңберінде жүзеге асырылады«, – деп түсіндірді облыстық білім басқармасы.
Айта кетейік, бұл бір Қарағанды облысына ғана қатысты мәселе емес. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай мәселе барлық өңірдегі білім беру ұйымдарында кездеседі.
Мұғалім жасаған жұмысын әлеуметтік желіге салып, дәлелдеуі дұрыс па
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова апталық, тәрбие сағаты немесе басқа да шараларды өткізу білім ұйымының ішкі бақылау жоспарына сай жүргізілетінін айтады. Алайда оның есебін онлайн платформаларға салу арқылы есеп беру педагогтің құзыретіне жатпайтынын түсіндірді.
«Білім беру ұйымдарында оқу процесінің және оқу тәрбие үрдісі министрліктің 130-бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Яғни білім беру ұйымы ішкі бақылау жоспарын жасайды. Сол кезде оқу процесін ұйымдастыру бойынша, яғни, апталықтар өткізу, ашық сабақтарға қатысу, басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға білім беру ұйымы құқылы. Бірақ 130-бұйрықта педагогтерге міндетті жүргізілуге тиіс құжаттардың реті берілген. Яғни жүргізілген апталықтардың қорытынды есебін онлайн платформаларға салу, я болмаса басқа әлеуметтік желіге тарату педагогтің лауазымдық нұсқаулығы болып табылмайды, ол кісінің міндетіне жатпайды«,– деп түсіндірді вице-министр.
Министрдің орынбасары педагогтерге артық жүктеме үшін әкімшілік құқықтық кодекс аясында жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Педагог өзінің кәсіптік қызметін тек белгіленген лауазымдық міндетіне сәйкес жүргізеді. Мұндай жағдайда мұғалімдер аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бар. Олар өз құзыреті шегінде әкімшілік құқықбұзушылықтың 409-бабына сәйкес педагогтерден артық есептілікті талап еткені үшін лауазымды тұлғаға әкімшілік жауапкершілік көзделген», – деді Шынар Ақпарова.
Еске салсақ, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, шын мәнінде, мұғалімдер, тіпті балабақшадағы тәрбиешілерге дейін СММ маманы, мобилограф сияқты қосымша міндеттерді атқарып жүргенін айтқан еді. Депутат рилс жасау немесе әр тәрбие сағатын формалды түрде бейнежазбаға түсіру міндеттелсе, ол – үлкен жүктеме әрі заңның бұзылуы екенін еске салды.