
2025 жылы Алматы мемлекеттік бюджетке 6,6 трлн теңге салық төлеген. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында айтты.
Кездесу барысында Сатыбалды қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, негізгі қала құрылысы және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндаған.
Әкімнің айтуынша, былтыр Алматыда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға өскен. Нәтижесінде қала мемлекеттік бюджетке 6,6 триллион теңге көлемінде салық пен міндетті төлемдер аударған.
Дархан Сатыбалды қаланы көпорталықты дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамаларды таныстырды. Бұл тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер, сондай-ақ тұрғындардың демалуына арналған абаттандырылған рекреациялық аймақтар құру көзделген. Аталған кеңістіктер қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын қоғамдық орындарға айналмақ.
Сонымен қатар, әкім Алматының заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөніндегі жоспарларға тоқталды. Жүрдек қоғамдық көлік түрлерін дамыту тұрғындардың қозғалысын жеңілдетіп, қаланың орнықты дамуының негізгі факторына айналатыны атап өтілді.
Алматының Бас жоспарында ауаның еркін айналымын қамтамасыз ету, қаланың жоғарғы және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты шектеу, сондай-ақ жасыл желек аумағын үш есеге ұлғайтып, 3 800 гектарға жеткізу қарастырылған.
Кездесу барысында Алматы тау кластері жобасының дайындық барысы да таныстырылды. Қазіргі таңда «Медеу» базалық станциясы арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын біріктіруді көздейтін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталуға жақын.
Жобаны іске асыру нәтижесінде аспалы жолдардың саны 16-дан 62-ге дейін артып, тау шаңғысы трассаларының ұзындығы 250 шақырымнан асады. Ал демалыс аймақтарының өткізу қабілеті тәулігіне 40 мың адамға дейін жетпек.
Тоқаев Сатыбалдыға қала сапасы мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруды тапсырды.
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласының бюджет қаражатына аудит жүргізіп, 30 млрд теңге бюджеттік инвестиция игерілмегенін анықтаған.