
Дубайда өткен Gulfood 2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстан компаниялары 335,4 млн АҚШ долларына тең экспорттық және инвестициялық келісімдерге қол қойды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, құжаттар QazTrade ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында рәсімделген. Жалпы 19 келісім астық, майлы дақылдар, кондитерлік өнімдер, бұршақ пен күріш экспортын, сондай-ақ қазақстандық азық-түлікті БАӘ нарығында дистрибуциялауды қамтиды.
«Ең ірі келісімдер астық жеткізілімдерімен байланысты: БАӘ мен Оман серіктестерімен 800 мың тоннаға дейін астық экспорттау параметрлері бекітіліп, олардың жалпы құны 240 млн АҚШ долларынан асты», – делінген хабарламада.
Іскерлік бағдарлама аясында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Таяу Шығыстағы ірі бөлшек сауда желілерінің бірі – LuLu Group International басшылығымен келіссөз жүргізді. Онда қазақстандық тауарлардың желідегі үлесін арттыру және ұзақ мерзімді жеткізілімдер бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.