Әскерде «Ашық есік» күні өтеді: Ата-аналар сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысады

Әскердегі өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты ата-аналар әскердегі балаларының хәлін білу үшін елдегі барлық әскери бөлімдерге емін-еркін кіре алады. Олар үшін 31 қаңтар күні «Ашық есік» күні ұйымдастырылады, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, шараның басты мақсаты әскер мен қоғам арасындағы сенімді нығайту, әскери қызметтің ашықтығын көрсету және ата-аналарды ұлдарының қызмет ету жағдайымен тікелей таныстыру болмақ.
Бөлімшілерге келген қонақтар сарбаздардың күнделікті тіршілігімен танысып,, бірнеше іс-шараға куә бола алады:
- Қару-жарақ көрмесі: Әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалау;
- Көрсетілімдік жаттығулар: Сарбаздардың жауынгерлік дайындық деңгейін бақылау;
- Тұрмыстық жағдай: Казармалар мен асханалардың жай-күйін тексеру;
- Тікелей диалог: Бөлім командирлерімен кездесіп, кез келген сұраққа жауап алу.
Үлгілі тәртібімен және адал қызметімен көзге түскен үздік сарбаздарға іс-шара қорытындысы бойынша бір күндік сейілдеме, яғни туыстарымен бірге қыдыруға мүмкіндік беріледі.
Бұған қоса, министрлік қазір әскери бөлімдерде ата-аналармен байланыс орнатудың заманауи тетіктері жолға қойылғанын, яғни WhatsApp чаттары ашылып, бейнеқоңырауларға мүмкіндік берілгенін, қоғамдық бақылауды күшейту үшін «Аналар жүрегі» комитеті әскери бөлімдерге еркін кіре алатынын атап өтті.
Айта кетейік, әрбір әскери бөлім шараның нақты басталу уақытын өзі белгілейді. Бұл туралы ақпаратты әскери бөлімдердің қолбасшылығы ата-аналарға алдын ала хабарлауы тиіс.
Осыған дейін 27 қаңтарда Жамбыл облысында қару ұстау кезінде жарақат алған сарбаздың қайтыс болғаны туралы жазған едік.