Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрілік заттар өндіріледі

Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрілік зат өндіріледі. Үкімет елімізде жаңа дәрі-дәрмек өндіру туралы келісімді мақұлдады.
Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, ұзақмерзімді демографиялық болжамдары мен еліміздің 10-15 жыл ішіндегі дәрілік заттарға қажеттілігін ескере отырып, инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру бойынша инвесторлармен бірлесіп жұмыс жүргізілді.
Нәтижесінде жаңа құрал – салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымдық қолдауды ғана емес, сонымен қатар өнімді өткізудің ұзақмерзімді кепілдіктерін көздейтін инвестициялар туралы келісімдер енгізілді.
«Бүгінде Үкімет отырысында жалпы құны $620 млн немесе 316 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба мақұлданды. Бұл, ең алдымен, жалпы Қазақстанның дәрімен қамту ісіндегі дербестігі мәселесі. Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрілік заттар өндіріледі», – деді Ақмарал Әлназарова.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі екі есеге – $47 млн-нан $87 млн-ға дейін артқаны атап өтілді. Жаңа жобалар шеңберінде 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Мұның алдында фармацевтика саласында 670-тен аса жаңа жұмыс орны ашылады.