Жаңалықтар

Алматы мен Астанада «Сириус» мектебін ашу мәселесі Кремльде талқыланды

Ресей президенті Владимир Путин мен "Талант и успех" қорының жетекшісі Елена Шмелёва
Ресей президенті Владимир Путин мен «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёва / фото: kremlin.ru

Ресейдің «Сириус» орталығы Қазақстанда дарынды балаларға арналған үлкен халықаралық мектеп ашқалы жатыр. «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёва Кремльде президент Владимир Путинмен кездесіп, көрші елмен әріптестік қалай дамып жатқаны туралы баяндады.

Кремльдің 28 қаңтарда кешке таратқан ресми мәліметіне қарағанда, Алматыда халықаралық «Сириус» мектебі мен дарынды балалармен жұмыс істеу орталығы ашылады.

«Біз мектептің іргетасын қалап, құрылысын бастап кеттік. Осы бағдарламаларды дайындап жатырмыз. Әлбетте, Қасым-Жомарт Кемелұлы мені шақырып, мұқият тыңдап, бастамаларымыздың бәрін қолдады. Тіпті Астанада да мектеп ашуды ұсынды», – дейді Шмелёва Путинге.

Кремль қожайыны қордың Қазақстанда атқарып жатқан жұмысын мақтап, мектеп ашуға Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапарлап барып, «Сириуспен» танысқан уақытта келіскенін мәлімдеген.

Шмелёваның айтуынша, жаңадан салынып жатқан мектептің ауданы 60 мың шаршы метр. Онда 600 бала тұрып, білім алады.