Жаңалықтар

Алматы облысы әкімдігі жалған шешімдердің күші жойылғанын хабарлады

 Прокурорлық қадағалау мен сот талқылауының нәтижесінде заңсыз шешімдер жойылып, жер учаскелері бастапқы қалпына келтірілді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Прокурорлық қадағалау мен сот талқылауының нәтижесінде заңсыз шешімдер жойылып, жер учаскелері бастапқы қалпына келтірілді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысы әкімдігі 2026 жылғы 29 қаңтарда Қарасай және Іле аудандарында жер учаскелерін заңсыз өзгерту және беру деректеріне қатысты түсініктеме берді.

Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы Қарасай ауданында жергілікті атқарушы органдар жүргізген мониторинг барысында жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілгенін растайтын жалған құжаттар анықталған.

«Барлық материалдар жедел түрде прокуратураға жолданды. Прокурорлық қадағалау мен сот талқылауының нәтижесінде заңсыз шешімдер жойылып, жер учаскелері бастапқы қалпына келтірілді. Анықталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркелді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ Қарасай ауданы әкімдігі Көкөзек, Іргелі және Көксай елді мекендерінде де осындай заңбұзушылықтарды қосымша анықтаған. Жалған шешімдер мен жердің заңсыз айналымына қатысты барлық дерек құқық қорғау органдарына берілген.

Іле ауданы Байсерке ауылында көлемі 0,10 гектар жер учаскесінің заңсыз берілгені белгілі болды. Аталған жер 2009 жылғы 25 мамырдағы №446 әкім өкімі негізінде Палуашов С.У.-дың атына рәсімделген. Алайда прокуратура бұл құжаттың жалған екенін және архивтік деректермен расталмайтынын анықтаған.

Бұған дейін бұл учаске мемлекеттік қажеттілік үшін сатып алынатын жерлер тізіміне енгізіліп, магистральды газ құбырының құрылысы аясында Палуашов С.У.-дан сатып алынған.

«Іле аудандық сотының шешімімен жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Төленген қаражатты өндіру көзделіп отыр. Құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жергілікті атқарушы органдар жалған құжаттарды дайындауға қатысқан жоқ және олар үшін жауапкершілік көтермейді», – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 қаңтарда Алматы облысының прокуратурасы жер қатынастары саласындағы кешенді талдау нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың жалған шешімдерін пайдалану фактілерін анықтағанын мәлімдеген.