
Алматыда жекеменшік мектептің бірінде оқитын жасөспірім қыз өзіне қол жұмсамақ болды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қайғылы жағдай туралы қыздың әкесі Қанат Әміркен фейсбуктегі парақшасында жазды.
Оқушы Алматыдағы Әшімов көшесіндегі QSI мектебінде оқыған. Ұзақ уақыт бойы сыныптастарынан буллингке ұшыраған. Әкесі бірнеше рет бұл мәселені мектеп басшылығына жеткізбек болған, бірақ түк шықпапты.
«Мен бұл мәселені көтердім, сөйлесуге, тоқтатуға тырыстым. Бірақ басшылықтан жауап жоқ. Жай ресми хат жазып, құтыла салуға тырысты. Мәселені шешудің орнына байқамағандай жүре бергенді дұрыс көретін сияқты. Бірақ бүгін әбден шегіне жетті, қызым мектепте өзіне қол жұмсамақ болды. Қазір балам жан сақтау бөлімінде», – деп жазды ол.
Қанат Әміркеннің айтуынша, жасөспірім сабақ кезінде дұрыс жауап бермегені үшін сыныптастарының мазағына қалған.
«Менің балам бірнәрсені дұрыс айтпаса, сыныптастары күліп, мазақтайды екен. Ал мұғалім оны тоқтатпайды, шекара қоймайды. Тіпті үнсіз қалып, сол әрекетін қолдап тұрғандай көрінеді. Мұның бәрі америкалық мектепте болып жатыр», – дейді әкесі.
«Әкімнің қызы болса қайтейін»
Қазір қайғырған әке бұл істің соңына дейін барып, тергеу жүргізуге ниеттеніп отыр. Мазақ қылғандарды да, оған жол бергендерге де шара қолданғанын қалайды. Сөзінше, қызына буллинг жасаған лауазымды тұлғаның баласы.
«Экс-әкім десек те, қайдағы бір әкімнің қызы өзін ханшайым сезініп, барлық қыздарға қорлық көрсетіп жатыр. Қандай әкімнің қызы болса да қарамаймын», – дейді Қанат Әміркен.
Бұл мәселе бойынша Kursiv Media QSI мектебімен хабарласты. Бірақ басшылық байланысқа шықпады, сұрақтарды тек поштаға жолдауды өтінді.
Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Наурызбай аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жүріп жатыр.
«Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша берілетін болады», – деп хабарлады полициядан.
Ал Алматы қаласының Білім басқармасы аталған жағдайға байланысты арнайы мониторингтік топ құрылғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта топ жекеменшік мектептің өзінде жұмысқа кірісті. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерделеу жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша ҚР заңнамасына сәйкес түпкілікті шаралар қабылданатын болады. Мәселе ерекше бақылауға алынды», – деп хабарлады басқармадан.
Жасөспірімдер арасындағы суицид – елдегі үлкен мәселенің бірі. Былтыр ғана Жамбыл облысында бір айда төрт жасөспірім өзіне қол салды.