Алматыға аудит: 30 млрд теңге бюджеттік инвестиция игерілмеген

Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласының бюджет қаражатына аудит жүргізді. Аудиторлар дерегінше, қаладағы өндірістік және инновациялық секторлардың даму серпіні төмен. Бұл Алматының өсу қарқынын тежейді.
Тексеру кезінде жоспарлау, басқару және бақылау саласында кемшіліктер мен жекелеген бұзушылықтар анықталды.
«Мәселен, Алматының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары үнемі түзетулер енгізілуіне қарамастан, басқарудың айтарлықтай тиімді құралына айналмады. Аудит барысында жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау практикасы анықталды. Бұл жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді», – дейді аудиторлар.
Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындады. Басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңгеге негізсіз субсидиялар төлеп келген.
Ал «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметін тиімсіз деп бағалады. Мәселен, тұрғын үй құрылысына арналған шамамен 30 млрд теңге бюджеттік инвестициялар үш жылға жуық игерілмеген күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру да өз деңгейінде орындалмады. Бюджеттік кредиттер тиімсіз пайдаланылған және қаржы құралдарына орналастырылған.
«Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру жүргізу кезінде оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 млрд теңгеден астамы қалпына келтірілді», – деп қорытындылайды аудит есебін.
Қазір әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар деген 417 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.