Жаңалықтар

Блогер Нәзира Зәрудің жаңа сүйіктісі бассейнді гүлге көмкерді

Нәзирә Зәру
Фото: видео кадры

Ұлттық сұлулық байқауы – Mrs Kazakhstan байқауының биылғы финалистерінің бірі, блогер Нәзира Зәру туған күнін ерекше қарсы алды. Былтыр ажырасып, күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін қалың көпшілікке жария еткен блогер дәл қазір Балиде демалыста жүр. Ол жаңа жасын жаңа сүйіктісімен қарсы алып жатқанын да жасырмады.   

Нәзира 31 жасқа толып жатыр. Командасындағылармен бірге біраздан бері Балиде демалыста жүрген ол парақшасына жаңа видео салып, оқырманын екіойлы етіп қойды. Видеода жігіттің жүзі жасырылған. Вилланың алдындағы бассейнді қызыл гүлге толтырған азамат ақ гүлдермен «Nazira Zaru, happy birthday» деп жазып, жүрекшелермен безендірген. Бейнежазбада ол Нәзираның көзін байлап әкеліп, тосынсыйын көрсетеді. Соңында екеуі бассейнге бірге секіріп жатқаны видеода бар.

«Қандай жағдай болмасын әр әйел бақытты болуға лайықты! Қатты таңғалып тұрмын» деп жазды өзі салған видеосының астына.

Ал аталған жазбаның соңына пікір жазғандардың ішінде бақыт тілеп жатқандармен қатар, сынап жатқандар да табылды.

«Бұрынғы күйеуі де осындай жағдай жасады ғой. Гүл, алтын, бриллиант бәрін берді. Мұндай нәрсемен Назиді таңғалдырғаны қызық екен» деп жазған оқырманға басқалары «Оны ол өзіне-өзі сыйлайтын. Инстаграмда күйеуінің бергеніндей түр жасайтын» деп жауап қатып жатыр. Енді бірі «Уақытша. Сосын Нәзираның арқасында жұмысы жүрген соң бұл да жоқ болады»,- дейді. 

Ал блогердің өзі болса, осындай пікірлерге жауап ретінде stories-ке шықты.:

«Ажыраса салып еркек үйленсе, жарайсың, бала – белде, қатын – жолда деп, әйел байғұс тек жылап жүруі керек пе? Қызықсыңдар, ұнамай ма қарамаңдар! Қалай бармын, солай өмірде сондай болып, инстаға тығып жүрмеймін. Бұл жер менің өмірімнің бөлігін салатын жер», – деді ол.

Оған қоса ажырасқанына тоғыз айдан асқанын атап өтіп, оқырманды сынамауға шақырды. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Нәзира Зәрумен танысу үшін белгісіз бір ер адамның үлкен букет гүл мен бір қорапқа салып 5 млн теңге бергенін жазған едік.