«Бауыздап кетті»: Шымкентте тал түсте әйелді көшеде пышақтап өлтіріп кеткен

Шымкентте тағы бір әйелді тапа-тал түсте пышақтап өлтіріп кеткен. Қайғылы жағдай 28 қаңтар күні болған. Оқиға қалай болды? Жәбірленуші мен күдікті кім? Куәлер не дейді?
Қанды оқиға Әл Фараби ауданы Текстиль ықшамауданында кеше шамамен сағат 15:00-те болған. Емханадан шыққан әйелге ер адам пышақ ала жүгірген. Полиция әйел бірнеше жерінен жарақат алғанын хабарлады. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған
Куәлер не дейді
Көшеде әйелді пышақтап жатқаны жөнінде ақпаратты полицияға куәлер хабарлаған. Олардың бірінің сөзінше, әйел мен оған шабуыл жасаған еркек әуелі алысқан. Сосын еркек қолындағы пышақпен оны бауыздап, оқиға орнынан бой тасалаған.
«Ол анау 9-этажды үйде тұратын. Екі қызы бар. Үлкені – 15 жаста, кішісі екі жарым жасар. Екі әйел бірге келе жатқан. Қасындағы қыз қашып үлгеріпті. 10 минуттай алысты дейді. Бауыздап тастаған ғой», – дейді куә.
Текстиль ықшамауданының тұрғыны Алексанрд Сергеевтің сөзінше, марқұм өте сыпайы болған. Артында екі қызы жетім қалды. Оқиғадан соң анасы инсульт алып, ауруханаға түскен.
«Қалай болғанын, не үшін өлтіргенін білмеймін. Денесіне екі рет пышақ сұғып, мойнын осып жіберу деген аса қатыгездік қой», – дейді ол.
Көршілерінің айтуынша, марқұм 41-ге жаңа толған. Бірінші күйеуі қайтыс болған. Соңғы жылдары екінші күйеуімен өмір сүрген.
Күдікті туралы не белгілі
Куәлердің сөзінше, оқиға орнына полиция тез жеткен. Күдікті алысқа қашып үлгермеген. Оны полиция Қонаев даңғылы мен Терешкова көшесінің қиылысында ұстаған. Ұстау кезінде күдікті қарсылық көрсетіп, полицияға пышақ ала жүгірген.
Полиция ескертуіне көнбеген соң, оған табельдік қарумен оқ атылған. Оқ күдіктінің сол аяғына тиген. Қазір қаладағы ауруханалардың бірінде жатыр. Оны полиция күзетіп тұр.
Ол «бұзақылық ниетте аса қатыгездікпен адам өлтірді» деген күдікке ілінген.
Бейресми ақпаратқа қарағанда, 31 жастағы күдікті бұрын сотты болған. Ол «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру» бабымен айыпталған.