Доллар сабан ақшаға айналады, 2008 жылғы дағдарыспен жылап көрісеміз – Питер Шифф

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Енді америкалық валюта енді негізгі рөл атқармайды / фото: KursivMedia мұрағаты
Енді америкалық валюта енді негізгі рөл атқармайды / фото: KursivMedia мұрағаты

АҚШ экономикасы терең дағдарыс алдында тұр. 2008 жылғы дағдарыс мұның қасында баланың ойыны болып қалмақ.

2008 жылғы дағдарысты алдын ала болжаған америкалық экономист әрі биржалық брокер Питер Шиффтің пікірінше, доллар сабан ақшаға айналуы ғажап емес.

Fox-ке берген сұхбатында, ол АҚШ үшін тағы қара аспанды төндіретін сценарийді суреттеді. Шиффтің айтуынша, «АҚШ-тың басынан бағы тая бастайды». Ал доллар құлдырауға ұшырамақ.

«Доллар құлайды. Доллардың орнын алтын басады», – деп кесіп айтты Шифф.

Оның сөзінше, орталық банктер «алтын сатып алып, доллар мен қазынашылық облигациялардан құтылып жатыр». Экономистің болжамына сенсек, әлем жаңа валюта шындығына дайындалып жатыр. Енді америкалық валюта негізгі рөл атқармайды.

Шифф АҚШ-ты «2008 жыл мұның жанында баланың ойыны болып көрінетін экономикалық дағдарыс» күтіп тұрғанын ескертті. Оның сөзіне қарағанда,  бұл жолы соққы Америкаға дөп тиеді.

«Бұл жаһандық қаржылық дағдарыс емес. Бұл – американың қаржы дағдарысы. Ал қалған әлем ақырында ұтады», – дейді Шифф.

Питер Шифф – болашақтағы күйреулер туралы кітаптардың авторы, ең танымал қаржылық сарапшылардың бірі. Қорқынышты болжамдары үшін оны жұрт Доктор Қиямет деп атап кеткен. Ол инвестициялық компанияларды басқарады. БАҚ-та жиі сөз сөйлейді.

Инвесторлар оның тұңғиыққа батыратын болжамдарына көзсіз сенбесе де, кем дегенде тыңдауға болатын тұлға деп біледі.

Айта кететін жайт, алтынның 1 грамы бір айда 11 мың теңгеге қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз