
ЕуроОдақтың Ресейді ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру қаупі жоғары елдер қатарына қосу туралы шешімі күшіне енді.
BBC ақпаратына қарағанда, бұл ЕО аумағында тұратын Ресей азаматтары үшін банктер мен өзге де қаржы институттары тарапынан тексерудің күшеюіне, ал кей жағдайда қызмет көрсетуден бас тартуға әкелуі мүмкін.
«Шетел агенті» деп танылғандар қайтпек?
Сонымен қатар ЕО-да санкцияға іліккен банктермен кез келген қаржылық өзара іс-қимыл қылмыс болып саналатын заң қолданыста. Мұндай әрекет үшін кейбір жағдайларда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңгерлер мұндай банктердегі есепшоттарды жабуға кеңес береді.
«Ал Ресейде «шетел агенті» деп танылған азаматтарға еуропалық шенеуніктердің түсіністік танытуына үміттенуге ғана тура келеді. Себебі Ресейде «иноагенттерге» «Сбербанкте» есепшотты мәжбүрлі түрде ашқызады және оны жабуға мүмкіндік бермейді», – делінген ақпаратта.
Не болды?
Еурокомиссия 2025 жылғы 3 желтоқсанда Ресейді ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру қаупі жоғары елдер тізіміне қосты. Бұдан кейін бұл шешімді Еуропарламент пен Еуроодақ кеңесі қарап, мақұлдады. Бүгіннен бастап құжат ресми түрде күшіне енді.
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресей қаржылық деректермен алмасу тізімінен Еуропаның барлық елін біртіндеп алып тастады. Соның салдарынан ЕуроОдақ бұрынғыдай күмәнді жағдайларда, мысалы, ақшаны жылыстату дерегі бойынша Ресейден белгілі бір жеке немесе заңды тұлғалардың есепшоттары туралы ақпарат сұрата алмайды.
Украина талабы
Украина кемінде 2023 жылдан бері Ресейді FATF-тың «қара тізіміне» енгізуді талап етіп келеді. FATF – ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық стандарттарды ұсынатын ұйым. 2023 жылы ұйым Ресейдің мүшелігін тоқтатты. Мұны Украинаға қарсы соғысымен байланыстырды. Алайда Ресейді «қара тізімге» қоспады. Ал бұл қадам ресейліктердің қаржылық транзакцияларына әлем бойынша бақылауды әлдеқайда қатаңдатар еді.
«Қара тізімде» қандай елдер бар?
ЕО-ның «қара тізіміне» енгізу – мұқият тексерулерді одаққа мүше елдер аумағында күшейтуге бағытталған қадам. Мұндай тексерістер барысында санкцияларды айналып өту деректері анықталуы мүмкін. Оның үстіне 2025 жылғы 20 мамырға дейін ЕО-ға мүше барлық мемлекет санкцияларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер енгізуі тиіс болған.
Қазір санкциялық тізімдер айтарлықтай кеңейді. Оған көптеген ірі ресейлік банктер де енді. Алайда қаржылық ақпарат алмасу тоқтаған соң санкциялардың сақталуын бақылау едәуір қиындады.
2025 жылдың жазында-ақ Еурокомиссия Ресейді «қара тізімге» қосуға дайындалып жатқаны белгілі болған. Бұл тізімде қазір Ауғанстан, Иран, Солтүстік Корея және Монако секілді елдер бар.
Мұның алдында ЕуроОдақ АҚШ-қа қарсы баж салығын енгізу ниетін жариялаған еді.