
Ресейдің Кавказ аймағында енді кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерде 18+ сахналары болмайды. Алдын ала қиып тастап жатыр.
Жас шектеуі көрсетілгеніне қарамастан, жалаңаш денелер, құмарлыққа толы сүйісулер мен интим көріністер қара экранмен жабылады.
Mash дерегінше, цензура алғаш болып «Горничная» триллеріне қатысты қолданылған. Көпшілік бұл фильмге жартылай жалаңаш Сидни Суини үшін барған. Алайда көрсетілім барысында көрермендерді «тосынсый» күткен. Актрисаның іш киіммен, тіпті іш киімсіз сүйіктісімен құмарлана сүйісетін тұсы кесілген. Сюжетте не болып жатқанын тек дыбысынан ғана аңғаруға болған.
Кинотеатр басшылығы мұның себебін діни ұстаныммен түсіндіреді. «Харам», «әдепсіздік» дегендей. Олар фильмді бүкіл отбасы келіп көрсе, төсек көріністері ер адамға әйелі мен балаларының алдында ыңғайсыз болатынын алға тартқан.
«Фильмге толық ақша төледік, ал бізге қиылған нұсқасын көрсетіп отыр», – деп, кейбір жергілікті тұрғындар бұған наразылық білдірген.
Айта кететін жайт, Freedom Ticketon ұсынған Box Office деректеріне сәйкес, «Горничная» фильмі екі аптада 206 401 975 теңге жинаған еді.