Лукойл активтерін Carlyle-ға сатады, бірақ Қазақстандағы меншігін сақтап қалады

АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына ұшыраған «Лукойл» мұнай компаниясы активтерін сатты. Оларды Carlyle компаниясы сатып алды. Дегенмен ресейлік компания Қазақстандағы меншігін сақтап қалды. Бұл туралы Kursiv.Media компания таратқан ресми мәлімдемеге сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстандағы иелігін сатпады
«Лукойл» компаниясы шетелдегі активтерін сату жөнінде келісімге отырды. Оларды Carlyle инвестициялық компаниясы сатып алатын болды.
«Келісімге Қазақстан Республикасындағы активтер кірмейді. Оларды «Лукойл» тобы өз меншігінде қалдырды», – деп хабарлады компания.
Лукойл мәліметінше, оның Қазақстандағы иеліктері «тиісті лицензиялар аясында» жұмыс істей береді.
Ресейлік компания активтері 22 млрд долларға бағаланған. Олардың ішінде Қазақстан, Әзербайжан және Ирактағы мұнай кен орындары, сонымен бірге Еуропа мен АҚШ-тағы өңдеу зауыттары, жанармай бекеттері бар.
Бұған қоса, ресейлік компания келісімшартты әлі реттеушімен келістіру керектігін ескертіп отыр. Оның үстіне Carlyle АҚШ-тың шетел активтерін бақылау басқармасынан (OFAC) рұқсат алуы тиіс.
Сонымен бірге, Лукойл басқа да сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Компания шетелдегі активтерін сату туралы шешімін «жекелеген мемлекеттер енгізген шектеумен» түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған. Артынша «Лукойл» шетелдегі мұнай активтерін сататыны мәлім болған.
Лукойлдың Қазақстандағы иеліктері
«Лукойл» сайтындағы мәліметке қарағанда, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады. Олардың арасында Қарашығанақ пен Теңіз ірі мұнай кен орындары бар. Бұған қоса, ресейлік компания қазақ мұнайының 80%-ы айдалатын Каспий құбыр желісі консорциумында 12,5% үлеске ие.
Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген.
Бір күн бұрын, 28 қаңтарда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ-қа ресми хат жолдағанын мәлімдеген. Қазақстан «Лукойлдың» бірлескен жобалардағы үлесін сатып алғысы келеді.