
Қазақстан Chevron компаниясы өкілдерімен «Теңіз» кен орындағы жағдайды талқылады. «Шеврон» компаниясының басшылығы кен орнындағы нысандардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдайтынына сендірді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Шеврон» корпорациясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнеспен кездескен. Кездесуге Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов те қатысты.
Келіссөз барысында тараптар мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады. Әсіресе Қазақстан мен АҚШ арасындағы энергетикалық әріптестіктің басты жобасы саналатын Теңіз кен орнына ерекше назар аударылды.
Роман Скляр Теңіздегі соңғы оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдіріп, олардың мұнай өндірудің уақытша тоқтауына әкелгенін атап өтті.
Өз кезегінде «Шеврон» басшылығы орын алған жағдайлардың салдарын жою үшін қандай шаралар қабылданғанын және мұнай өндіру көлемін кезең-кезеңімен арттыру жоспарын таныстырды. Сонымен қатар компания өкілдері болашақта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, өндіріс нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
18 қаңтарда Теңіз кен орнында трансформаторлар өртенген, зардап шеккендер жоқ. Ал 19 қаңтарда «Теңізшевройл» электр энергиясын тарату жүйесіндегі ақауларға байланысты Теңіз және «Королев» кен орындарында мұнай өндіруді уақытша тоқтатты. 26 қаңтардан өндіріс қайта жанданып, апта соңына дейін толық қуатына шықпақ.
Министр Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, өндірістің уақытша тоқтауынан Қазақстан шамамен 900 мың тонна мұнайды өндіре алмады.
Теңіз кен орнын игеріп отырған оператор – «Теңізшевройл» серіктестігінің құрамына бірнеше ірі компания кіреді. Жобадағы негізгі үлес Chevron компаниясына тиесілі – 50 пайыз. ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc үлесі 25 пайызды құрайды. Қазақстан тарапы кен орнын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы қатысып, 20 пайыздық үлеске ие. Ал жобаның қалған 5 пайызы «ЛУКОЙЛ» компаниясына тиесілі.