Әлемдік нарықта мұнай бағасы қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай бағасы қымбаттады / Фото: kursiv.media

Соңғы күндері әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта көтеріле бастады. Бұған басты себеп – АҚШ-тағы мұнай қорының күтпеген жерден азаюы.

28 қаңтар күні Brent маркалы мұнайдың бір баррелі шамамен 68 доллардан асты. Ал WTI мұнайы 63 доллар деңгейіне жақындады. Бұл – соңғы айлардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен аптада елдегі мұнай қоры 2,3 миллион баррельге қысқарған. Ал сарапшылар керісінше, қор көлемі артады деп болжаған еді. Осы жаңалық нарыққа әсер етіп, мұнай бағасының өсуіне жол ашты.

Бағаның қымбаттауына ауа райы да себеп болды. АҚШ-та қатты аяз бен қар жауып, мұнай мен газ өндіру қиындады.

Кейбір зауыттар уақытша жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан елде тәулігіне 2 миллион баррельге дейін мұнай кем өндірілген.

Сонымен қатар АҚШ долларының әлсіреуі де мұнай бағасын көтеріп отыр. Доллар арзандаса, мұнай сияқты шикізат та қымбаттай түседі. Бұған қоса, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға қатысты алаңдаушылық та нарықтағы бағаға әсер етуде.

Сондай-ақ оқыңыз