Авто

Қазақстанда жаңа көлік көрші елдерге қарағанда неге қымбат

Қазақстанда көлік неге қымбат/фото: shutterstock
Қазақстанда көлік неге қымбат/фото: shutterstock

Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Көптеген азаматтар көлік бағасын Өзбекстан, Ресей, Қытай немесе Біріккен Араб Әмірліктерімен салыстырып, ішкі нарықтағы автокөліктер қымбат деген қорытындыға келеді. Алайда сала мамандары мұндай салыстырулар көбіне дұрыс емес екенін айтады. Себебі әр елде сатылатын көліктер сырттай ұқсас болғанымен, техникалық тұрғыдан бірдей емес.

Бірыңғай көлік стандарты жоқ

Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Макашева ZOOMIN Youtube-арнасына берген сұхбатында айтуынша әлемнің барлық елдеріне ортақ бірыңғай автокөлік стандарты жоқ. Әр елдің өз техникалық реттеу регламенты бар. Баға алшақтығы дәл осы талаптарға байланысты.

«Автокөліктің қандай опциялары болуы керек, қандай бөлшектерден тұруы тиіс – мұның бәрі сол елдің талаптарына байланысты. Осы талаптар автокөліктің соңғы бағасына тікелей әсер етеді», – дейді сарапшы.

Маңызды факторлардың бірі – климатқа сай талаптар. Мысалы, БАӘ немесе Қытайдың кейбір өңірлері сияқты ыстық климатқа арналған автокөліктерде кузовтың күшейтілген коррозияға қарсы қорғанысы және қатал қысқа арналған қосымша техникалық шешімдер қажет емес. Ал Қазақстанда қыс суық, температура айырмашылығы жоғары болғандықтан, мұндай талаптар міндетті. Бұл айырмашылықтар сырт көзге байқалмаса да, көліктің өзіндік құнына қосылады.

фото: shutterstock

Экологиялық талаптар да бағаға айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанда Еуро-5 экологиялық стандарты қолданылады, ал өзге елдер елдерде Еуро-2 стандартына рұқсат етілген болуы мүмкін.

«Бағадағы айырмашылық – көліктің ішкі құрылымындағы айырмашылық деуге болады. Жүріс бөлігі, бөлшектері, жүйелері өзгеше. Соңғы кезде жиі талқыланған катализатор мәселесі осының айқын мысалы», – деп түсіндіреді Анар Макашева.

Катализатор – жанармай жанған кезде бөлінетін зиянды газдарды тазартатын жүйе бөлігі. Экологиялық деңгейі жоғары автокөліктерде катализаторлар күрделірек әрі қымбат, кей жағдайда олардың саны бірнешеу болады. Нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар азаяды, бірақ көліктің бағасы өседі. Ал Еуро-2 стандартына сай көліктерде тазалау жүйесі қарапайым әрі арзан, алайда экологияға зияны көбірек.

Сарапшының айтуынша, қоғамдағы негізгі қателіктердің бірі – әртүрлі стандарттағы автокөліктерді салыстыру. Кәсіби тілмен айтқанда, «apple to apple», яғни бірдей көлікті бірдей комплектацияда салыстыру қажет. Сонда ғана қай елде шынымен арзан немесе қымбат екенін айтуға болады.

Бағаға тек экология ғана емес, қауіпсіздік талаптары да әсер етеді. Қазақстанда автокөліктердің қауіпсіздік жүйелеріне қатысты міндетті нормалар бар. Олардың қатарында қауіпсіздік жастықтары, тұрақтылықты бақылау жүйелері, шанақтың күшейтілген элементтерін атауға болады. Кейбір елдерде мұндай жүйелер міндетті емес немесе тек қымбат жабдықталған автоларда ғана ұсынылады. Сондықтан шетелде арзан көрінетін автокөлік қауіпсіздік деңгейі жағынан осал болуы бек мүмкін.

Көлік бағасын не құрайды

Жаңа автокөліктің бағасы бірнеше құрамдас бөліктен қалыптасады. Оның ішінде зауыттан шығу бағасы, логистика, кедендік баж салығы, қосылған құн салығы, утилизациялық алым және кейбір жағдайларда акциз бар. Сарапшылардың бағалауынша, логистика көлік бағасының шамамен 30 пайызын құрауы мүмкін. Бұған қоса шамамен 15 пайыз кедендік баж, ҚҚС және қозғалтқыш көлеміне байланысты утилизациялық алым қосылады. Егер автокөліктің зауыттан шыққанына үш жылдан асса акциз де төленеді. Сонымен қатар автокөлік сатылатын қалаға дейін дейін жеткізу шығындары есепке алынады.

фото: shutterstock

Анар Макашева Қазақстанда жеткізу тарифтері өңір бойынша ең төмендердің бірі екенін атап өтеді.

Мысалы, Өзбекстанда кедендік баж салығы ұзақ жылдар бойы 120 пайызға дейін жетіп, тек жақында ғана 30 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен бірге көршімізде ҚҚС 20 пайызды құрайды, ал утилизациялық алым Қазақстанға қарағанда шамамен екі есе жоғары. Ресейде утилизациялық алым Қазақстанмен салыстырғанда сегіз есе көп. Еуропа елдерінде кедендік баж төмен болғанымен, бұл қатаң техникалық реттеу мен жоғары ҚҚС арқылы өтеледі.

Шетелден автокөлік әкелу мәселесіне де назар аудару қажет. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның техникалық және экологиялық талаптарына сай келмейтін көліктерді тіркеу, бейімдеу және қызмет көрсету кезінде қосымша шығындар туындауы мүмкін. Нәтижесінде бастапқыда арзан көрінген көлік уақыт өте келе қымбатқа түсуі ықтимал.

Осы тұрғыда отандық автокөлік өндірісінің маңызы артып отыр. Қазақстанда құрастырылатын автокөліктер логистикалық шығындардың азаюы және салықтық жүктеменің оңтайландырылуы есебінен тиімдірек. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай көліктер импорттық баламаларынан орта есеппен 20-25 пайызға арзан.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы жаңа автокөліктердің бағасы жоғары болып көрінуі көбіне объективті себептерге – экологиялық стандарттарға, техникалық және қауіпсіздік талаптарына, сондай-ақ салық және кеден саясатына байланысты. Мамандардың айтуынша, барлық осы факторларды ескермей жасалған салыстырулар жаңсақ пікір қалыптастырады.

Еске сала кетсек, автокөлік нарығына қатысты Қазақстан автокөлік одағының болжамын жариялаған едік. Биыл өсімін жалғасады, елде құрастырылған автокөліктер бағасы өспейді деп хабарлаған еді ұйым басшысы.