OPEC қоры Қазақстандағы жеке бизнес жобаларын қаржыландыра бастайды

Қазақстанда жеке сектор жобаларын қаржыландыруға OPEC Халықаралық даму қорының қатысуына жол ашылды. Сенат мақұлдаған келісім инфрақұрылымнан бастап шағын және орта бизнес пен энергетикалық ауысымға дейінгі жобаларға ұзақ мерзімді әрі қолайлы қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Сенатор Сәкен Арубаевтың айтуынша, бұл келісім Қазақстан экономикасының өсімі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Негізгі мақсат – қазақстандық жеке компаниялардың OPEC қорының қаржы құралдарына қолжетімділігін жеңілдету үшін тұрақты платформа қалыптастыру.
«OPEC Халықаралық даму қорының негізгі миссиясы – дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау. Қор 50 жыл ішінде әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны іске асырып, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Соңғы 20 жылда Орталық Азия елдеріне 1,4 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған», – деді сенатор.
Заң нормаларына сәйкес, OPEC қоры Қазақстан аумағында толыққанды заңды тұлға ретінде танылады, тікелей салықтардан босатылады және халықаралық ұйымдарға тән иммунитеттер мен артықшылықтарға ие болады. Мемлекеттік кепілдіктер беру талап етілмейді, алайда жеке сектор жобалары Үкіметпен келісіледі.
Қордың қаржыландыру бағыттарына инфрақұрылымды дамыту, климаттың өзгеруіне қарсы шаралар, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық ауысым, цифрландыру мен инновациялар, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау кіреді.
Депутаттардың айтуынша, бұл қаржыландыру шарттары нарықтық ұсыныстармен салыстырғанда, әсіресе капиталды көп қажет ететін және ұзақ мерзімді жобалар үшін анағұрлым тиімді. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы қатаң бақылауда болады.
Айта кетейік, бұған дейін ОПЕК+ ұйымының сегіз елі 2026 жылдың алғашқы тоқсанына арналған мұнай өндіру квотасын бекітті. Жаңа жоспарға сәйкес, ақпан-наурыз айларындағы квотаны сақтап қалады.