Ораза 2026: Арақ ішкен адамға ауыз бекітуге бола ма

Жарияланды 29 Қаңтар 2026 13:20

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Рамазан-2026: Ораза туралы білуіңіз керек маңызды жайттар
Ораза / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қоғамда жиі айтылатын пікірдің бірі: «арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмайды» деген түсінік. Бұл сөз әсіресе Рамазан айы қарсаңында көп талқыланады. Алайда ислам дінінде бұл мәселе қалай түсіндіріледі? Шын мәнінде, арақ ішкен адамға ораза ұстауға тыйым салынған ба?

«40 күн қабыл болмайды» деген сөз қайдан шыққан?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) мәліметінше, арақ ішуге қатысты хадистер бар. Кейбір хадистерде:

«Кімде-кім арақ ішсе, қырық күн бойы оның намазы (ғибадаты) қабыл болмайды»
деген мағынадағы ескерту айтылады.

Алайда бұл жерде «қабыл болмайды» деген сөзді көп адам қате түсінеді. Ол – ғибадаттың міндеттен түсетіні немесе оны орындауға болмайтыны дегенді білдірмейді.

Ішімдік ішкен адам ораза ұстай ала ма

Ораза – исламдағы бес парыздың бірі. Арақ ішу ауыр күнә болғанымен, парыз ғибадатты орындаудан босатпайды. Керісінше, арақ ішіп қойдым деп оразаны тастау екінші бір үлкен күнәға жол беру деген сөз.

Ғалымдардың пікірінше:

  • ораза мен намаз міндет ретінде орындалуы тиіс;
  • арақ ішкен адамның ғибадаты есептен шықпайды;
  • бірақ оның сауабы кем болуы мүмкін.

Қандай жағдайда ораза ұстамауға болады

Шариғат кейбір жағдайларда ғана ораза ұстамауға рұқсат етеді. Бұлар: сапардағы адам, науқас адам, жүкті немесе емізулі баласы бар ана.

Осы аталған жағдайлардан тыс «Бірер күн бұрын арақ ішкен едім, әлі әсері бар шығар» деген сылтаумен ораза ұстамай қоюға болмайды. Егер адам күнәсін түсініп, тәубе етсе, оған кешіктірудің қажеті жоқ – бірден оразасын бастай беруі керек.

Исламда ең маңызды ұғымдардың бірі – тәубе. Егер адам: істеген ісіне шын жүректен өкініп, Алладан кешірім сұрап, қайтадан арақ ішпеуге ниет етсе, онда Алланың рақымынан үміт үзбеуі керек. Өйткені Алланың кешірімі белгілі бір күнге немесе мерзімге байланбайды. Шынайы тәубе еткен адам үшін 40 күн күту шарт емес.

Қысқаша айтқанда, арақ ішкен адам қырық күн күтпей-ақ, тәубе етіп, oраза ұстауына болады. Ең бастысы – күнәсін қайталамау және шынайы ниетпен құлшылық жасау.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы Ораза айы 19 ақпан күні басталады. Бұған дейін Kursiv Media ауыз бекітуге қалай дайындалу керектігін мен қарыз оразаны ұстау туралы жазған еді.

Сондай-ақ оқыңыз